Академиялық университеттер құру қажет – ғалым
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ұйымдастырған «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауында 6 ғылыми-зерттеу институты мен 16 жоғары оқу орнының 50 ғалымы үздік деп танылды. Олардың 7-еуі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоғары марапатқа ие болғандардың бірі әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гүлнафис Әбдікерова.
«Биыл бірінші рет өткізілген республикалық байқау электронды түрде тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүзеге асты. Бұл бүкіл кезеңдердің ашық және барлық қатысушыларға қолжетімді түрде өтуіне мүмкіндік берді. Байқау ҚР Президентінің тапсырмасымен мемлекеттің ғылым саласына енгізіп отырған жаңалығы және бірінші кезекте ғалымдардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған. Менің ойымша, бұл әлеуметтік, қоғамдық сала мамандарына өз зерттеулері мен жаңалықтарын тәжірибеге енгізуге зор ынта беретін жоба», – дейді Гүлнафис Әбдікерова.
ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті Ләззат Спанқұлованың пікірінше, зерттеу университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының әріптестігі негізінде академиялық университеттер құру қажет.
«Жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары технологиялық өндірістік компаниялардың өзара белсенді ынтымақтастығы қазақстандық ғылымның сапалы қолданбалы нәтижелер беруге дайын еместігі туралы стереотипті жоюға ықпал етеді. Зерттеу университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының әріптестігі негізінде академиялық университеттер құру қажет. Нәтижесінде студенттер Ғылым академиясы базасында нақты жобаларды жүзеге асыра алады», – дейді ғалым.

Сондай-ақ жүлдені білім ордасынан Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Қуантай Бошқаев, Плазма физикасы және компьютерлік физика кафедрасының профессоры, физика-техникалық факультетінің деканы Асқар Дәулетов, Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының профессоры м.а. Әлібек Исахов, Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Денсаулық ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайрат Давлетов, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті Гүлдана Қуанәлиева иеленді.
Айта кетейік, «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауының жеңімпаздарына 6 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы тағайындалды.