Ақбоз атты қазақтың ерлігі тәмам жұртты таң қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Хэбэй провинциясының Сяньтао қаласында тұратын Ілебай Досымбекұлының ақкөз ерлігі әлеуметтік желі қолданушыларының алқауына бөленіп, алғысына ие болды.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбадан белгілі болғандай, 4-ақпан күні түс әлетінде, тұрғындардың бірі қаланы қақ жарып өтетін Ханьцзян өзеніне байқаусызда құлап кетеді, ізінше оның қызы да әкесін құтқармақ болып өзенге секіреді.
Жақын маңда жүрген 39 жастағы Ілебай айқай-шуды естіген бойда ақбоз атына міне сала ағызған беті өзенге қойып кетіп, суға құлаған ер адамды аман-есен жағаға шығарады.

Ал Ілебайдың досы, қала тұрғыны Су Шаогао бойжеткен қызды судан аман алып шығады.
Дер кезінде құтқарылып, уақтылы жәрдем көрсетілгендіктен ер адамның жағдайы жедел тұрақтанады. Оқиға орнынан оны туысқандары алып кетеді.
Жергілікті Jimu News ақпараттық агенттігінің жазуынша, Ілебай сол күні досымен бірге өзен бойындағы алаңқайға Байлун есімді бәйге атын баптауға барған. Ер адамның суға кеткенін алдымен Ілебайдың досы Су Шаогао байқап қалып, аттан салады, Ілебай ақбоз атпен Ханьцзян суына тұра ұмтылады. Су сүйектен өтердей суық болатын. Ол ер адамның қасына жеткенше, су аттың сауырына дейін көтеріліп үлгереді. Бір тәуірі өзен ағысы баяу болғандықтан, ол суға кеткен ер адамның қолын бірден қармап, жағаға сүйреп шығарады.
— Жылқы есті жануар ғой. Мен атыма сендім.Жағаға жеткенде судан тайсалып, сәл іркіліп қалды. Қарасам, судағы адамның төбесі ғана қылтияды. Ойланып тұрмастан тебініп қалдым, ақбоз ат өзенге бір-ақ қарғыды, — дейді Ілебай.
Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, Ілебай Досымбекұлы Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысының тумасы. 6 жасынан бастап бәйгеге шапқан оның өмірі ат үстінде өтіп келеді. Ол қазір Сяньтао қаласының іргесіндегі шаруа қожалықтарының бірінде бақташылықпен айналысып жүр.
Жеті жасар Байлун — Ілебай баптаған бәйге аттарының ішіндегі сайынға шапқан сайкүлігі.
— Алайда, оқиға кезінде қатты суық тигендіктен, температурасы 40°C-қа дейін көтеріліп, қазіргі уақытта ветеринарлық бақылауда ем қабылдап жатыр, — деп жазады қытайлық басылымдар.

Ілебайдың ерлігі ақпарат құралдарында насихатталып, батыл әрекеті мен кәсіби шеберлігі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғам мүшелерінен мақтау алды.
Желі қолданушылары оны «нағыз рыцарь», «ақбоз атты қаһарман» деп дәріптеді.
Ал Сяньтао қаласының билігі Ілебайды жергілікті деңгейдегі «Ерен ерлігі үшін» марапатына ұсынып, оған 10 мың юань (шамамен 700 мың теңге) ақшалай сыйлық табыстады.