Акционерлік қоғамдардың көпшілігі корпоративтік басқару жүйесін дамытуға ықылассыз-ҚҚА өкілі
АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі таңда акционерлік қоғамдардың қызметін құқықтық қамтамасыз ету мәселелері заңдық дәрежеде жеткілікті түрде реттелген.
ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Бағалы қағаздар мен зейнетақы жинақтау қорлары нарығы субьектілерін қадағалау депаратаментінің қашықтықтан бақылау басқармасының бастығы Қуанышбек Әбжанов оны бүгін Алматыда өтіп жатқан Корпоративтік басқару жөніндегі ІІІ орталықазиялық саммитте айтты.
"Қазіргі кезде акционерлік қоғамдардың көпшілігі корпоративтік басқару жүйесін дамытуға ықылассыз. Оның негізгі себептерінің бірі- қор нарығына шықпай-ақ қоғам қызметіне қатысты ақпаратты айтарлықтай көлемде ашпай кредит құралдарын тарту мүмкіндігінің болуы", дейді Қуанышбек Әбжанов.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда заң мен мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері өзімен бірге Корпоративтік басқару кодексі мен компанияның өзге ішкі стандарттарын ауыстыруда. «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңында акционерлік қоғамдарды құру, басқару және оның қызметін тоқтатуды, акционерлер құқын қорғауға бағытталған процедуралар мен қоғам органдарының өкілеттігінің тәртібі мен нормалары бар. Оның ішінде акционерлік қоғам қызметі туралы акционерлердің хабардар болуы мен онда шешімдер қабылдау және активтермен келісімдер жасау тәртібі бар.
«Корпоративтік басқаруға жасалған талдау Қазақстан заңдарының жағдайы озық халықаралық тәжірибелер жинақталған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес келеді. ЭЫДҰ-дың акционерлер құқы мен меншік иелерінің негізгі фукциялары, акционерлер үшін талаптардың теңдігі, ақпаратты ашу мен ашықтыққа қатысты негізгі қағидаттары және Директорлар кеңесі міндеттері толық сақталып отыр. Сонымен қатар корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің негізін жасау мен корпоративтік басқарудағы мүдделі тараптардың рөлі қағидаттары да толық көлемде сақталуда», - деді Қ. Әбжанов.