Акцияға алданған астаналық Technodom-нан өтемақы өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Алматы аудандық сотында «TechnodomOperator» АҚ қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акцияға алданған астаналық Technodom-нан өтемақы өндіріп алды

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылы қыркүйек айында «TechnodomOperator» АҚ «Түнгі жеңілдіктер» акциясын жариялаған болатын. Сол кезде бір ер адам өз қызының туған күніне сыйлық жасаймын деп, AppleIPhone 7 ұялы телефонына интернет арқылы тапсырыс берген.

«Technodom» сайтында аталған құрылғының бағасы 219 990 теңге болып тұрған. Дүкенде менеджер тапсырыстың нөмірін салыстырып, есеп-қисап қағаздарын да жазып берді. Алайда сатып алушы өз тауарын ала алмады. Әкімшілік сайтта көрсетілген ақпараттың техникалық ақаулықтан дұрыс көрсетілмегенін жеткізді. Ал AppleIPhone 7-нің бағасы 339 990 теңге болып шықты. Осыдан кейін ер адам басқа телефонды алуға мәжбүр болды.

«Астана қаласы Алматы аудандық соты арыз берушінің талаптарын жартылай қанағаттандырып, «TechnodomOperator» АҚ-дан 50 000 теңге көлеміндегі моральдық шығынды өндіріп алды. Сот шешімі заңды күшіне енді», - делінген соттың ресми хабарламасында.