Әке тәрбиесі назардан тыс қалмауы тиіс – петропавлдық көпбалалы әке

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қоғамда аналардың рөлі, аналық мейірім жайлы көп айтылады. Ал әкенің бала өміріндегі орны, жауапкершілігі мен тәрбиедегі ықпалы жиі назардан тыс қалып жатады. Алайда, баланың тұлға ретінде қалыптасуында әке-шешенің – екеуінің де ықпалы зор.

Әке тәрбиесі назардан тыс қалмауы тиіс – петропавлдық көпбалалы әке
Фото: Әнуар Байғузиновтың жеке мұрағатынан

Петропавл тұрғыны Әнуар Байғузинов үш ұл мен бір қыздың әкесі, яғни көпбалалы әке. Ол мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Қоғамдық жұмысқа да белсенді араласып, мектебіндегі әкелер кеңесін басқарып отыр. Сұхбат барысында Әнуар отбасы құндылығы, заманауи тәрбиенің қиындықтары мен әкелік миссияның маңызы жайында ойын білдірді.

– Біз көпбалалы аналар жайлы жиі естиміз. Ал көпбалалы әке болу қаншалықты қиын? Жалпы үлгілі әке қандай болуы керек? 

– Көпбалалы әке болу – бұл үлкен жауапкершілік және міндет. Өйткені әр ер адам отбасын құрған сәттен бастап, тек өзі үшін емес, жары мен балалары үшін де жауапкершілік алады – бұл нағыз ер азаматқа тән іс. Қазіргі қоғамдағы көптеген мәселенің түп-төркіні де осында: кей ер адамдар үйленгеннен кейін міндеттерінің кейбірін әйелге арта бастайды. 

Әр баланың дүниеге келуімен әкенің жауапкершілігі арта түседі. Ер адамдар үшін маңызды саналатын – дос, уақыт, хобби секілді дүниелер екінші орынға ығысады. Себебі бала бірінші орынға шығады. Барлық ісіміз балалар үшін, оларға пайдалы болатындай жасалуы тиіс. 
Сондықтан мен үшін көпбалалы әке – ең алдымен қамқоршы және жауапкершілік иесі.
Менің түсінігімше, үлгілі әке – ең алдымен өз балаларының анасын құрметтей білетін адам. Қандай жағдай болмасын сабырлық сақтап, отбасының тірегі болуы тиіс. Ол – балаларына сенімді қорған, жақсы дос, әрі бағыт беруші ұстаз іспеттес.

әке
Фото: Әнуар Байғузиновтың жеке мұрағатынан

– Қазіргі балаларға қандай құндылықтарды үйрету маңызды деп ойлайсыз?

– Ең маңыздысы – отбасылық құндылықтар. Әр ұл бала болашақта нағыз ер азамат болуды армандайды. Ер жетіп, Отан қорғаушы деңгейіне жеткен кезде, ең бірінші ойына келетіні – отбасын құру. Баласыз отбасы – толыққанды отбасы емес. Ал отбасын құрған сәттен бастап, біз қамқорлық жасау міндетін аламыз. Өйткені сенің отбасың – саған сеніп, саған арқа сүйейді. Олар үшін сен – қорған, тас қамалсың. Отбасы – өміріміздің мәні, адам өмірінің ең қымбат байлығы. Бала үйдегіні көріп ер жетеді. Атап айтқанда, үлкенге құрмет, кішіге ізет, бір-біріне қамқорлық, шынайылық, мейірімділік, жанашырлық сияқты адами қасиеттер. Бұл құндылықтар кез келген баланың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болады. 

Тәрбие беру барысында қамқорлық пен тым еркелетуді де шатастырып алмау аса маңызды. Әйтпесе, балада тұтынушылық психология қалыптасады. 

– Балаларыңызбен бос уақытты қалай бірге өткізесіздер?

– Тұңғышым Дәрия – 13 жаста, ұлым Дамир – 11-де, Санжар 6-ға толды. Кенжеміз Жаслан – 3 жаста, балабақшаға барады. 

Көп жұмыс істесем де, балаларға уақыт табуға тырысамын. Әр баланың өз қалауы, өз талғамы бар. Ұлдармен футбол, шахмат, кейде компьютерлік ойындар ойнаймыз, ән айтып, бірге би де билейміз. Қызым волейбол үйірмесіне барады, сондықтан команда құрып, осы ойынды бірге ойнаймыз. Барлығымыз табиғат аясында серуендегенді жақсы көреміз.

Әнуар Байғузинов
Фото: Әнуар Байғузиновтың жеке мұрағатынан

– Әке ретіндегі өмірлік ұстанымыңыз қандай? Балаларыңызға қандай қасиеттерді дарытқыңыз келеді?

– Менің басты ұстанымым – балаларымның сенімді тірегі, қамқоршысы болу. Олар кез келген жағдайда маған арқа сүйей алса екен деймін. 

Ең бастысы – баланың бойында жауапкершілік сезімін тәрбиелеу. Егер бала өз ісіне жауап беруге үйренсе, онда ол болашақта жақындарына, отбасына да жауапкершілікпен қарай алады.
Ал егер жауапкершілік бала бойында қалыптаспаса, онда ол ересек өмірде, жұмыста, қоғаммен қарым-қатынаста міндетті түрде қиындықтарға тап болады. Сол себепті үйде әр баланың өз міндеті, жауапкершілігі бар. Бірі анасына үй жинауға көмектеседі, енді бірі ыдыс-аяқ жуады дегендей…

– Сіз мектебіңіздегі әкелер кеңесінің төрағасыз. Бұл кеңес немен айналысады?

– Біздің басты мақсатымыз – мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту, балаларды зиянды ортадан қорғау. Ата-аналар жиналысына баратын да, түрлі іс-шараларға қатысатын да көбіне аналар. Біз осы кеңес арқылы мектеп өміріне, бала тәрбиесіне әкелерді тартамыз. Олардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өткіземіз: ата-аналар жиналыстары, ардагерлермен кездесулер, спорттық жарыстар ұйымдастырамыз.

Әнуар Байғузинов
Фото: Әнуар Байғузиновтың жеке мұрағатынан

– Қазіргі балаларды тәрбиелеу барысында қандай қиындықтар бар?

– Гаджеттерге тәуелділік – ең үлкен мәселе. Балалар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауды сиретіп, виртуалды әлемге көбірек мән береді. Бұл олардың денсаулығына, психикасына, әлеуметтік белсенділігіне кері әсер етеді.

– Жас әкелерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Белсенді болсын. Балалармен көбірек уақыт өткізіңіздер. Себебі бұл кезең зымырап өте шығады, бақытты балалық шақ қайта келмейді. Әкенің көңілі мен уақыты – бала үшін аса маңызды.

Әнуар Байғузинов
Фото: Әнуар Байғузиновтың жеке мұрағатынан

– Балаларыңыздың болашағынан не күтесіз?

– Ең бастысы – адал азамат болып ер жетсін. Өз орнын тауып, қалаған өмірін сүрсе екен деймін. Біреудің ала жібін аттамай, әділ, еңбекқор, мейірімді болсын деп тілеймін. Әкем мені еңбекқорлыққа, мақсатқа ұмтылуға тәрбиеледі. Сол тәрбие менің өмірімнің бағыт-бағдарына айналды. Қазір сол құндылықтарды өз балаларымның бойына сіңіруге тырысып келемін.

Естеріңізге салайық, бұған дейін «Әйеліммен әңгіме» кітабының авторы Марғұлан Ақанның бала тәрбиесіндегі әкенің орны туралы пікірін берген едік.  

Соңғы жаңалықтар