Әкеге қарап өскен ұл

Ал әкесі Марат та еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастаған. Иә, Данияр туралы сөзді оның әкесінен бастаған жөн. Марат Елеусінов - оның әкесі әрі бапкері, бапкер болғанда да, ұлдарын мақсатты түрде боксшы етіп тәрбиелеп, өз ұлтына Олимпиада чемпионын сыйлаған жан. Осыдан алты жыл уақыт бұрын, Даниярдың ағасы, екі мәрте Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған боксшы Дәурен Елеусінов: «Шыны керек, әкем болмағанда, мен боксты баяғыда тастап кетер едім. Данияр екеумізді жеңістерге жетелеп жүрген - сол кісі» - деген еді. Өзі де бокспен айналысқан, бокс десе ішер асын жерге қоятын Марат Елеусінов жаңа үйленген шағында-ақ алдына: «Менің ұлым бокста мен жете алмаған биіктерге жетеді» - деген үлкен мақсат қойған. Алайда отбасында алдымен қыз бала дүниеге келеді. Есімі - Динара. Ол қазір Астанадағы «Наз» мемлекеттік би театрында істейді. Әкесі биге бермес бұрын, Динараны да бокс залына әкеліп, өзі жаттықтыра бастапты. Бір сұхбатында кішкентай ғана қызының бокс қолғабын киіп алып, жаттығу жасап жатқанын бақылап тұру өте қызық болғанын айтады. Бірақ, бокс тәсілдерін үйреніп алған өжет қыз өзімен сыныптас ұлдардың мұрнын бұзуды шығарса керек. Содан соң қыз балаға төбелесуге болмайтынын түсіндіре жүріп, бокс залынан шеттетіп, би үйірмесіне апарған.
Ал үлкен ұлы Дәуренді 12 жасынан бастап боксқа баулиды. Өзі осы спорттың қыр-сырын жақсы білетін Марат ұлының қабілет-қарымын, оны қандай жұдырықтасу мәнеріне бейімдеген дұрысырақ болатынын, басқа да толып жатқан ірілі-ұсақты жайттарды әрдайым есте ұстап, әр күнді текке өткізбеуге тырысады. 2004 жылғы ел біріншілігінде Дәурен 69 кг салмақ дәрежесі бойынша Бақыт Сәрсекбаевпен жекпе-жекке шықты. Әрине, 18-дегі өндірдей жастың салған жерден-ақ Бақыттың деңгейіндегі шеберді тас-талқан ғып ұтып кете алмайтыны түсінікті. Алайда ұлттық құрама бапкерлері, жеңілгеніне қарамастан, Дәуреннің өнеріне риза болысты. Осыдан соң ол бірнеше жыл бойы ұлттық құрама сапында жүрді, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал 2010 жылғы ел біріншілігінде өте сәтсіз өнер көрсетіп, өзі құрамаға алынған алты жыл ішінде алғаш рет жүлдеден мүлде құр қалды. Бір қызығы, нақ сол тұста, тіпті нақ сол біріншілікте оның інісі Даниярдың рингтегі жарқын жеңістері басталды. Марат Елеусінов өзінің «мықты боксшы тәрбиелеп шықсам» деген мақсатын о баста үлкен ұлымен байланыстырған болса, енді кіші ұлы оның басты үмітіне айналды.
7-8 жасынан-ақ Данияр әкесімен және ағасымен бірге бокс залына барып, шапқылап ойнап жүреді екен. Ол мектепте сабағын өте жақсы оқыған. Сондықтан боксқа келе ме, басқа саланы қалай ма - ол жағын өз еркіне берелік деген ұстаныммен, Марат кіші ұлын боксқа баулуға асықпағанды жөн көреді. Мұны болашақ чемпионның анасы Ғалия да құптайды. «Бір ұлымыздың боксшы болғаны да жетеді» - дейді ол. Кішкентай Даниярды әкесі бокс залына сабақтан тыс уақытында көз алдымда жүрсін деген оймен ғана апарады екен. Бірақ, бір күні жүгіріп жүрген Данияр әкесіне келіп: «Ана баламен жұдырықтассам бола ма?» - деп, залдағы балалардың бірін нұсқап, өтініш жасайды. Көрсеткені - бойлары шамалас болғанмен, өзінен екі жастай үлкендігі бар, оның үстіне жарты жыл бойы жаттығу жасап келген бала екен. «Ол жарты жылдан бері боксты үйреніп жүр ғой, ал сен ештеңе білмейсің, қалай онымен жекпе-жекке шықпақсың?» - дейді әкесі. Бала айтқан бетінен қайтпай, өтінішін қайталап, тұрып алады. Ақыры рұқсат беруге тура келіпті. Марат рұқсат беріп қана қоймай, ұлының алғашқы жекпе-жегін зер сала қарайды. Кіп-кішкентай ұлдың жұдырық сілтеуі, ойлы қадамдары өзіне қатты ұнайды. Оның залда құр жүгірмей, боксқа қызығып, бәрін ішке түйіп жүргенін түсінеді. Сондықтан оны да жаттықтыру керек деп шешіпті. Данияр бокс әлеміне осылай келген екен.
Әрине, Данияр 2010 жылға дейін де жасөспірімдер, кадеттер арасындағы әлемдік деңгейдегі жарыстарда үлкен жеңістерге жетіп жүрді. Бірақ қазақ жанкүйері оны осы 2010 жылдан бастап жақсы таныды, үміт артты. Бұл жылы Данияр ел біріншілігінде топ жарып қана қоймай, күзде Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия Ойындарында ерекше көзге түсті. Гуанчжоуда ол рингке төрт рет көтерілді. Бірінші жекпе-жегін алғашқы раундта-ақ жеңіспен аяқтады; екінші жолы қарсыласын 12:0 есебімен тізе бүктірді; үшінші жекпе-жегінде Азия чемпионы атағы бар боксшыны 6:0 есебімен ұтса; ал төртінші, финалдық жекпе-жекте 16:1 есебімен жеңіске қол жеткізді. Финалдан соң, залдағы көрермендер оған орындарынан тұрып, қол шапалақтап, айрықша құрмет көрсетті. Ал AIBA-ның ресми сайты оны «19-дағы ғажап талант иесі» деп атады. Ойлап қараңыз, бүкіл турнир бойы (және Азия Ойындары жай турнир де емес қой) Данияр өзіне жалғыз ғана соққы дарытты! Ондайды істей алғандар бокс тарихында саусақпен санарлық болса керек.
Бұл жылы Данияр 64 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жас ағза тез өсетіні белгілі. Дегенмен Данияр келесі, яғни 69 кг салмақ дәрежесіне көтеріле алмады, өйткені бұл салмақта ол тұста құрама сапында екі мәрте әлем чемпионы Серік Сәпиев болды. Сөйтіп, үнемі салмақ қууына тура келгендіктен болар, 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Данияр сәтсіз өнер көрсетті. Тек Лондон Олимпиадасынан кейін Данияр 69 кг салмақ дәрежесіне көтерілді. Даниярдың «қазақтың салмағы» аталып кеткен осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен даңқты боксшыларымыз - Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтерге лайықты ізбасар болғанын барша жұрт жақсы біледі: 2012 жылдан бергі маңызды турнирлердің - екі Азия чемпионаты, екі әлем чемпионаты, Инчхондағы Азия Ойындары және Рио-де-Жанейро Олимпиадасы - бәрінде де ол финалда атой салды.
Самал Жангереева, Батыс Қазақстан облысы
Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Данияр 230-дай отбасы тұратын шағын ғана ауылда туған. Оның әкесі Марат көпбалалы отбасынан шыққан. Атасы Тәліп - ұстаз. Жалпы, бұл әулетті ауылда «ұстаздар әулеті» деп құрметтейді. Өзіме олардың туыстығы бар, нағашы болып келеді. Даниярды жақсы білемін. Олимпиада чемпионы болуды кішкентай кезінен армандады. Титтей 9 жасар кезінен «Олимпиада чемпионы боламын» деп өскен бала ғой. Өзінің қажыр-қайраты, тынбай жаттығып, еңбектенгенінің арқасында сол мақсатына жетті. Әрине, оның осындай табысқа жетуіне әкесі Мараттың да қосқан үлесі зор. Ағасы Дәуреннің 2014 жылы кәсіпқой боксқа ауысқаны белгілі. Сөйтіп, әуесқой рингте Данияр әкесінің жалғыз үміті болып қалды да, бір жағынан, сол үмітті ақтау үшін екі есе тер төкті. Былайғы өмірде ол - мінезі қарапайым жан, әзілдегенді де ұнатады.
Биылғы Олимпиададан кейін Данияр әкесіне ерекше алғыс айтты. «Әкеме шексіз алғыс айтамын. Соның тәрбиесінің арқасында ғана мен осындай биікке жеттім. Ол маған спортзалдың табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап, Олимпиада чемпионы атанғанға дейін қолдау көрсетіп келді» - деді ол журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, Даниярдың өзінің әр жеңісін анасына арнайтынын да жанкүйерлер жақсы біледі. Әлеуметтік желілердегі парақшаларының біріне ол анасы жайлы: «Денсаулығының нашарлағанына қарамастан, соңғы дүниеге келмей қалған сәбиден кейін мені бәрібір дүниеге әкелем деп мақсат қойған, қайсар анама алғысым шексіз!» - деп жазды. Осыған қарағанда, Даниярдың әкесі ғана емес, анасы да - алдына мақсат қоя білетін, сол мақсатына жету жолында табандылық көрсете алатын жан. Ата-анасынан дарыған қайсарлық пен табандылықтың Олимпиадада Даниярға қалай көмектескенін жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар: жартылай финалдық жекпе-жекте француз боксшысы Сулейман Сиссоко оны әдейі баспен ұрып, маңдайын жарып жіберген еді. Бірақ финалда Даниярдың «жарақатым бар еді» деп сәтке де тайсақтағанын көрмедік.
Бүгінде Даниярдың өзі де әке атанып отыр. Оның бір жастан енді ғана асқан Даниел атты ұлы бар.
2000-жылдардың ішінде Елеусіновтер отбасы Астана қаласына көшкен. Биылғы Олимпиададағы жеңісінен кейін туған өңірі арнайы шақырып, Даниярдың қатысуымен көптеген шаралар ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов боксшыға 10 миллион теңге сыйақы табыстады. Олимпиада чемпионы бұл сыйақыны түгелімен сал ауруына шалдыққан балалардың ем-домына аударатынын жария етті. Сөйтіп, қомақты қаржының орнына ел-жұртының ризашылығын алып отыр.
Олимпиададан соң жанкүйерлер Даниярдың, ағасы Дәурен секілді, кәсіби боксқа ауысатыны жайлы көбірек айтатын болды. Бірақ жақын күндері Данияр Елеусінов бокстан ұлттық құрама мүшелері сапында жаттығуға кірісті.
Бүгінге дейін ол екі мәрте Азия чемпионы (2013, 2015), екі мәрте Азия Ойындарының чемпионы (2010, 2014), әлем чемпионы (2013), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2015) және Олимпиада чемпионы (2016) атанған екен. Алда осы табыстар тізбегін жалғастыра ма? Небәрі 25-ақ жаста. Біз, әрине, үміттенеміз...
Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.