«Әкелер одағы» цифрлық дәуірдегі әкенің рөлі жайлы талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай әкелер институтының қоғамдағы рөлі мен отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар туралы ой білдірді. 

«Әкелер одағы» цифрлық дәуірдегі әкенің рөлі жайлы талқылады
Фото: Астана әкімдігі

Ол сөз басында республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі алғаш рет 2011 жылы бастама ретінде құрылғанын, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өткенін, содан бері ұйым заңды түрде қызметін жалғастырып келе жатқанын айтты.

- Оның Астана қалалық филиалы 2023 жылы ашылды. Бұл бастама «Халықаралық әкелер күніне» байланысты көтерілген. Маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін мереке. 2023 жылы Астана қалалық филиалы құрылып, өз жұмысын бастады. Ұйымның негізгі мақсаты – әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру. 

Сонымен қатар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ата-ананы құрметтеуге баулу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және табиғатты аялау сияқты құндылықтарды насихаттау да ұйым қызметінің маңызды бағыттарының бірі, – дейді Бекдайыр Күзембай.

Сөзін жалғай отырып, «Әкелер күні» Қазақстанда Үкімет қаулысымен 2023 жылы бекітілген болатынын, биыл бұл мереке елімізде үшінші рет аталып өтетінін тілге тиек етті.

- Жалпы, елімізде «Әкелер күнін» атап өтудің басты мақсаты – балалардың ата-анасына деген құрметін арттыру, әкенің және ананың отбасындағы рөлін дәріптеу, отбасы құндылықтарын нығайту. Өйткені отбасы – қоғамның ең маңызды институттарының бірі. Сондай-ақ биыл «Әкелер күні» қарсаңында, яғни, 17 маусым күні Астанада қалалық «Әкелер форумын» өткізуді жоспарлап отырмыз. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін форумға 300 әке қатысады деп жоспарланған. Оған қоғам және мемлекет қайраткерлері, түрлі қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдері, сондай-ақ Астана қаласындағы мектептер мен колледждердің әкелер кеңесінің төрағалары қатысады. Іс-шара TEDx форматында өтіп, үш негізгі тақырыпқа арналады. Олар – «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және цифрлық дәуірдегі, оның ішінде жасанды интеллект жағдайындағы заманауи әкенің рөлі. Форум аясында қатысушылар еркін пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен бала қауіпсіздігіне қатысты маңызды тақырыптарды талқылайды. Форумның басты мақсаты – заманауи қоғамдағы әкенің рөлін айқындап, бала қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді бірге талқылау және ортақ шешімдер ұсыну, – дейді Бекдайыр Күзембай.

Айта кетелік қазақстандық ата-аналар балаларының гаджеттерін қалай бақылайтыны туралы жазған едік