Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Отбасы күніне орай «OTBASY DUATLON 2026» отбасылық жарысы оныншы рет өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты
Фото: Астана әкімдігі

2016 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан сайысқа қатысушылар 4,2 шақырымдық қашықтықты жүгіру мен веложарыс арқылы еңсеріп, балалар үш жас санаты бойынша бақ сынады.

Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты
Фото: Астана әкімдігі

Отбасылық дуатлонның биылғы бәсекесінде балалар үшін үш санат (8-9, 10-11 және 12-13 жас) белгіленді. Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым қашықтықты құрайтын отбасылық сайыста алдымен әкелер 2 қашықтық жүгірумен бастаса, одан әрі эстафетаны велосипедке мінген аналар (2 шақырым) алды. Жарысты балалар мәреге дейін 200 метр жүгірумен аяқтады.

Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты
Фото: Астана әкімдігі

— Бүгінгі спорттық іс-шарамыз «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылып жатыр. Қатысу тегін және осы іс-шара арқылы отбасылық құндылық насихатталады деген сенімдемін. Жеңімпаздар 3 санат бойынша анықталады және оларға сыйақы ретінде тұрмыстық техникалар беріледі. Сайысқа қатысқан отбасылардың лотерея арқылы велосипед ұтып алуға да мүмкіндігі бар, — деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты
Фото: Астана әкімдігі

«OTBASY DUATLON 2026» жарысы оныншы мәрте өткізіліп жатыр. Сайысты баласы 8-9 жас санатына кіретін отбасылар бастады. Бұл жерде биатлоншылар отбасы, Турин және Ванкувер Олимпиадасының қатысушысы, биатлоннан 4 дүркін қысқы Азия ойындарының және екі дүркін Азия чемпионы Александр Червяков пен Анна Лебедеватан құралған команда мәреге жеке-дара жетті. 

марафон
Фото: Астана әкімдігі

— Астана қаласында отбасыға арналған дуатлон жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Отбасы күніне орай өтетін шараға Ақмола облысы, Ақкөл қаласынан келсек те, ең бастысы өзіміздің балаларға мотивация берсек дейміз. Себебі, балалар біздің сөзімізді емес, іс-әрекетімізді қайталайды. Жалпы осы шараға екінші мәрте қатысып жатырмыз. Былтыр күміс жүлдеге ие болсақ, осы жолы алтын жүлдеге қол жеткіздік. Шынымызды айтсақ, арнайы дайындалдық деп айта алмаймыз. Өзіміз бапкер болғандықтан, күнделікті 80-ге жуық баланың дайындығына көңіл бөлеміз. Ал осындай шара арқылы өзіміздің 6 баламызға үлгі көрсетуге тырысудамыз және бүгін 8-9 жас пен 12-13 жас санатында қатысуға шешім қабылдадық, — деді қатысушы Анна Лебедева. 

Әкелер жүгіріп, аналар велосипед тепті: Астанада 100-ге жуық отбасы жарысты
Фото: Астана әкімдігі

Жеңімпаздарды марапаттау және құттықтау салтанаты лотерея ұтысымен жалғасты. Жарысқа қатысушылар арасында тіркеу нөмірлері бойынша лотереяда 10 велосипед ойнатылды.

Бұған дейін Астанада тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілгенін жазғанбыз.