Әкем дүниеге келген Павлодарда чемпион атанғаныма қуандым - боксшы Жүсіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда өтіп жатқан бокстан ел чемпионатында 69 келідегі республика чемпионының есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Әкем дүниеге келген Павлодарда чемпион атанғаныма қуандым - боксшы Жүсіпов

69 келіде астаналық Қанағат Маралов пен қарағандылық Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасты. Үш раунд бойы қарсыластар бір-бірінің осал тұсын табуға тырысты. Олимпиада ойындарына қатысып, талай халықаралық жарыстарда бақ сынаған Жүсіповке Маралов лайықты деңгейде қарсылық танытты. Дегенмен, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс Жүсіповке берілді.

Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Иә, қарсыласым мықты болды. Әкемнің туған қаласы Павлодарда чемпион атанғаныма қатты қуанып тұрмын. Бұл жаңа салмағымды жақсы сезіне алдым. Салмақ қумай күшімді сақтап, жеңіске жеттім», - деді Жүсіпов кездесуден кейін.

Айта кетейік, бұған дейін 49 келіде Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Азамат Исақұлов, 56 келіде Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов  чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын.

Фото: Данияра Майлыбаева