Әкем есімімді тау үстінде отырғанда қойған - Мынатаубиік Әнесов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Мынатаубиік Әнесов «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалын басқарып жүр. Партияның кезектен тыс XIV сьезіне келген ол ҚазАқпарат тілшісіне өз есімінің тариxын айтып берді. 

Әкем есімімді тау үстінде отырғанда қойған - Мынатаубиік Әнесов

Ағамыздың туған жері - Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы. Ол жақта Әжен деген ауыл бар. Әкесі - Таупиқ соғысқа 1942-ші жылы аттанып, бес жылдан кейін аман-есен үйге оралған. Өзі ақынжанды әрі сурет салуға шебер болды.

«Біздің жақта Мынатау деген төбе бар. Енді, ол тау емес, соған жақын бір төбе. Әкем сол төбенің үстінде достарымен жиі жиналып отыратын. Мен дүниеге келетін кезде сол жерде отырған ғой. Сонда әкем «Менің әйелім ұл туса, Мынатаубиік деп қоямын» дейтін көрінеді. Өзінің аты Таупиқ қой, Таубиікке ұқсайды. Соған келтіріп, Мынатау да биік болсын деп, таудың атын өзгерткен. Бір жағынан балам биік шыңға шықсын деп тіледі. Содан ол есім қалды. Қайда барсам да, есімімді сұрайды, «Мынатаубиік» деп айтамын. Түсінбегендерге жазып беремін. Құжатты да өзгерткен жоқпын. Ресми түрде солай қалды», - дейді М.Әнесов.

Қазіргі кезде Мынатаубиік Таупиқұлы Орал қаласында тұрады. Бірнеше баласы бар. Бірақ ерекше ат қою дәстүрін жалғастырмады. Ұлының есімі - Нұржан. Немересі - Алмас. Ал жиенінің аты - Мирас. Мынатаубиік ағамыз зейнетке шықса да, «Ауыл» партиясында жұмыс істеп келеді. «2000 жылдан бастап он бес жыл бойы Қазақстан патриоттар партиясын басқардым. Одан кейін екі партия қосылғасын, орынбасары болдым. Сосын өткенде сайлау өтті. Соның қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болып сайландым», - деп атап көрсетті М.Әнесов. 

Айта кетейік, бүгін Астанада «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XIV сьезі өтті. Күн тәртібінде президиум құрамына өзгеріс енгізу жайы талқыланды. Ал партия төрағасы Әли Бектаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл жастарын көбірек оқыту мәселесін көтерді. 

Фото: oraloniri.kz