Әкем «қазақ пен грек - мәңгілік ағайын» дегенді құлағыма құйып өсірді - грек бойжеткені

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Болашақ тілші Милина Вавулиди Елбасына Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің сақталуына қалай үлес қосып келе жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкем «қазақ пен грек - мәңгілік ағайын» дегенді құлағыма құйып өсірді - грек бойжеткені

«Болашақ журналист ретінде мен кез келген жердегі саяси оқиғаларға куә болуға тырысамын. Әлемдік БАҚ біздің Елбасының еңбегін ерекше атап өтетінін білемін. Грекиядағы Порос аралында болғанымда жергілікті қауымдастық кеңесінің мүшесімен кездесіп қалдым. Қазақстаннан келгенімді білген ол «Грекияда бәрі бар. Тек бізге Нұрсұлтан Назарбаев жетіспейді» деген еді. Ал менің репрессияға ұшыраған әжем бала кезде қазақ баласы шелпек беріп, аштықтан қалай құтқарып қалғанын айтып отыратын. Әкем де мені «қазақ пен грек - мәңгілік ағайын» дегенді құлағыма құйып өсірді», - дейді Милина Вавулиди ҚХА-ның 27-ші сессиясында.

Грек бойжеткені өз сөзінде Президент өкілеттігін тапсырады деген ақпаратты естіген кезде көз жасына ерік бергенін айтады.

«Әлем елдерінде қандай қақтығыстар болып жататынына куәміз. Біздің елде бәрі тыныш болсын деп тілейміз. Дана әрі мықты сіздей тұлғаның шешіміне тәнті болдық. Біз сізден үлкен сабақ - Отанды қалай сүю керектігі туралы тәлім алдық», - дейді ол.

Бойжеткен Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы диплом жұмысын қорғағалы жатқанын тілге тиек етті.

«Болашақ журналист ретінде Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді сақтауда жауапкершілікті толыққанды сезінемін», - дейді Милина Вавулиди.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өткізілді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1 500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.