Әкесі ауруханада қайтыс болған соң дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдікті ұсталды

Әкесі ауруханада қайтыс болған соң дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдікті ұсталды
Фото: ҚазАқпарат

Алматы облысының полиция қызметкерлері Талғар ауруханасында дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, 19 қыркүйек күні сағат 10:35 шамасында Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне аурухананың 27 жастағы реаниматологы мен 21 жастағы медицина қызметкерін белгісіз біреулер ұрып-соққаны туралы хабар түскен. 

«Бұл дерек ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі бойынша аудан полициясында тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында Талғар ауданының полиция қызметкерлері 1987 жылы туған Ш. және 1994 жылғы Н. есімді күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта оқиғаның бүкіл мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр», - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Өзге ақпарат ҚР ҚПК 201-бабы аясында жарияланбайды.

Еске салайық, кеше Талғар аудандық ауруханасында әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлерін ұрып-соғып, марқұмның денесін ұрлап кеткен еді. 


Кейін Денсаулық сақтау министрлігі аталған оқиғаға пікір білдіріп, дәрігерлерді соққыға жыққандардың жазалауды талап етті

Соңғы жаңалықтар