Әкесіне қонаққа барып, көршісінің малын ұрлап отырған - Түркістан
Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мал иесі полицияға ағымдағы жылдың сәуір айынан маусымға дейінгі аралықта белгісіз тұлға тұрғын-үйінің жанында орналасқан мал қорасынан 78 бас қойы мен 47 бас қозысын жасырын жымқырып кеткені жөнінде арызданған. Жәбірленуші ұрланған қойларының әрқайсысы 40 мың теңге, ал қозылары 25 мың теңге болатынын көрсеткен.
Қылмысты ашу мақсатында Келес АПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, тәртіп сақшылары жақын аймақтарды аралап көріп шықты. Куәгерлерден сұрастырған. Нәтижесінде, Сарыағаш ауданының тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Оның үйінен айғақты зат ретінде 30бас қой тәркіленіп алынды. Қалғандарын сатып, өз қажеттілігіне пайдаланғаны белгілі болды. Тергеу кезінде сезіктінің әкесі жәбірленушінің көршісі болғаны анықталды. Ол осылайша әкесінің үйіне барып жүріп, көршінің малдарын үш ай аралығында ұрлап келгенін айтқан.
«Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Күдікті өзінің іс-әрекетін толық мойындадын. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.