«Ақиқатын айтсақ ащы, балалар дәрігері тапшы...» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Қаржы полициясы органдарының аумақтық аттестациялық комиссиялары өз жұмысын аяқтады. 17 аумақтық комиссияда аттестаттаудан Қаржы полициясы академиясы мен аумақтық департаменттердің 2364 қатардағы қызметкері өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Әрбір бесінші қызметкер сынақтан өте алмады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған комиссияларда аттестаттаудан 2437 қызметкер өтуі тиіс болатын, алайда 16 қызметкер лауазымдарынан босату туралы баянаттар жазып, аттестаттаудан өтуден бас тартты, 3-і - әскери-медициналық комиссияларға қаралуға жіберілді, 26 қызметкер уақытша еңбек қабілетсіздігіне байланысты, 20-ы - қызметтік іс-сапарда болуына байланысты, 4-і - кезекті еңбек демалысында болуына байланысты, 4-і - жүктілігіне байланысты аттестаттаудан өткен жоқ.
Жастар саясаты еліміз тәуелсіздік алған кезден бері ең өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Оның өзекті болатын да жөні бар. Өйткені, жастар - біздің болашағымыз. Жастар - ертең еліміздің тұтқасын ұстап, оның қазіргі даму деңгейін одан әрі жалғастыратын қоғамның белсенді бір бөлігі. Сондықтан жастарға, жастар саясатына, жастар мәселесіне қай кезде болсын ерекше назар аударылатыны сөзсіз. Қазір жастар саясаты мемлекеттік маңызы бар жұмысқа айналды. Оған елімізде 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы жобасының ұсынылып, оның бүгінде қызу талқыланып жатқаны дәлел бола алады. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті жастар саясатымен тығыз айналысып, өзінің қадери-халінше жастар мәселесін шешуге атсалысып жүрген азаматтың бірі, «Қазбренд» қоғамдық қорының директоры Евгений Рибалконы сұхбатқа тартқан. Сұхбат «Жаңалық қайда? Жастарда» деген тақырыппен берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Алып пеште қайнап жатқан ядролық полигон алапат апатқа ұрындырып жүрмей ме?» деген мақалада Семей полигонының ошағы болған Дегелең тауына жақын жердегі елді мекендердің шешілмеген бүгінгі жайы қозғалады. «Бұл жерде бұдан ары адам тұруға болмайды, полигон шекарасындағы радиациялық деңгейі өте жоғары аймақ» деп әлдеқашан Семей қаласына көшірілуі тиіс Самай ауылы әлі күнге апатты аймақта өмір сүріп жатуы, оған басты себеп осы ауылдықтардың көшіп баруы тиіс қаладағы тұрғын үй кешені құрылысының ұзара түсуі секілді фактілер келтірілген бұл мақалада. Бәрінен қорқыныштысы, аталған өңірде су да шөп те, тіршілік көздері де денсаулыққа қатты зияндығы бойынша ғалымдардың келтірген деректері жан түршіктіреді. «Семейдің су қоймалары, мал және егін шаруашылық аймақтарында өткізілген мұқият биофизикалық зерттеулерден кейін су ядролық полигонның «у таратушы» ретіндегі негізгі көзі деген шешімге келдік. Егер адам ұзақ уақыт бойы мұндағы суды пайдаланса, оның ағзасының қызметі бұзылады», - дейді мақалада қазақстандық ғалым, биология ғылымының докторы, профессор Виктор Инюшин.
«Алаш айнасы» газетінің Өркениет беті бүтіндей кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың туған күніне арналған. Арнайы беттен жазушының қилы әрі сырға толы тағдыры жөніндегі мәліметтермен қатар бүгіндері Голландияның Хертоген Бос қаласында тұратын Мұхтар Әуезовтің немересі, шығыстанушы ғалым, Орталық Азияның интеллектуалды тарихы жөніндегі ең ірі мамандардың бірі Зифа-Алуа Әуезованың сұхбатымен таныс бола аласыздар.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеді. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яғни өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып,өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. «Еліміздің педиатрия саласында проблемалар бар. Дәл қазір кадр тапшылығы анық байқалады. Әсіресе, неонотологтар мен реаниматологтар жетіспейді. Өйткені аталған екі саланы меңгеру оңай емес», - депті басылымға еліміздің бас педиатры Гүлнар Кенжетайқызы. Мақала «Ақиқатын айтсақ ащы, балалар дәрігері тапшы...» деген тақырыпта жарияланған.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Жемил Чичекпен кездесті. Кездесу барысында Н.Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. «Біздің өзара қарым-қатынасымызды нығайту мақсатында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, еліміздің өңірлерінде 20-дан астам қазақ-түрік лицейі және 2 университет жұмыс істейді. Бұл - біздің елдеріміздің арасындағы өзара сенім мен қарым-қатынастардың дамуының жоғары динамикасының айғағы. Қазақстан мен Түркия арасындағы парламенттік байланыстарды осындай жоғары деңгейде нығайту қажет», - депті Мемлекет басшысы.