Ақылды алқап: Қытай ауыл шаруашылығын қалай цифрландырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай цифрлық технологияларды егіс алқаптарына белсенді енгізу арқылы дәстүрлі жер өңдеу тәсілдерін өзгертіп жатыр. Kazinform агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі заманауи технологиялардың егістікте қалай жұмыс істейтінін зерделеді.
Фуцзянь провинциясында ауыл шаруашылығындағы үйреншікті тәсілдер өзгеріп келеді. Мұнда тракторды әрдайым жүргізуші басқаруы міндетті емес, егістіктің жағдайын спутник арқылы бақылауға болады, ал дрон бірнеше сағатта ондаған гектар алқапты өңдей алады.
Мұндай технологиялар аумағы шамамен 667 гектарды құрайтын күріш өсіру технологияларын демонстрациялау паркінде кеңінен қолданылып жатыр. Мұнда температура, ылғал, өсімдіктердің жай-күйі, аурулар мен зиянкестер туралы ақпаратты үздіксіз жинайтын жүйе жұмыс істейді. Камералар мен спутниктік түсірілім, BeiDou навигациясы мен жасанды интеллектінің көмегімен егістік біртіндеп деректерге негізделген басқару нысанына айналуда.
Бұл Қытай үшін жай ғана жаңа технологияларды сынақтан өткізу емес. Цифрландырудың артында азық-түлік өндірісін арттыру міндеті тұр.
Алқаптардағы цифрлық төңкеріс
Қытайдың негізгі астықты өңірлерінің бірі саналатын Хэйлунцзянның орны ерекше. Провинция 16 жыл қатарынан Қытайда астық өндіруден көш бастап келеді. Ауыл шаруашылығының жоғары деңгейде механикаландырылуы мен кең жазық алқаптар ұшқышсыз техниканы, цифрлық мониторингті және дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырған.
Бұл ретте модернизацияның мақсаты адамды толық техникамен алмастыру емес. Негізгі өзгеріс – шешім қабылдаудың бір бөлігін алгоритмдерге беру. Фуцзяньда қажетті деректер талданып, камералар өсімдіктердің өсу барысын бақылайды. Ал цифрлық жүйелер алқапты өңдеу немесе суару қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Мұндай тәсілдің тиімділігі әсіресе суды үнемдеуден көрінеді. Жергілікті кооперативтің мәліметінше, автоматтандырылған суару жүйесі 1 му жерге (бір му 666,67 шаршы метрге тең) күріш өсіру кезінде жұмсалатын су көлемін шамамен 900 текше метрден 450–500 текше метрге дейін азайтқан.
Трактор жүргізушісіз жұмыс істегенде...
Хэйлунцзян алқаптарында BeiDou жүйесімен жабдықталған техника белгіленген бағыт бойынша өздігінен жүріп, тұқым себу мен тыңайтқыш енгізуді жоғары дәлдікпен орындайды. Ал агродрондар бір күнде шамамен 67 гектар алқапты өңдеп, 100 келіге дейін тыңайтқыш тасымалдайды.
Алайда бұл технологиялардың басты артықшылығы еңбек шығынын азайтумен шектелмейді. Дрондар мен ақылды машиналар алқаптың әр учаскесінің жағдайына қарай тыңайтқыш пен өсімдікті қорғау препараттарының мөлшерін өзгертуге мүмкіндік береді. Яғни бүкіл егістікті бірдей өңдеудің орнына, қажетті жерге ғана қажетті мөлшерде жұмыс істеуге жол ашылады.
Ендігі кезекте процестерді жасанды интеллект арқылы басқару көзделіп отыр. Хэйлунцзянда өсімдіктердің жай-күйін талдайтын, аурулардың таралуын болжайтын, өңдеудің оңтайлы мерзімін анықтайтын және агрономдарға өсіру технологиясын таңдауға көмектесетін жүйелер әзірленуде.
Бейжің мұндай цифрландыруды ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір тетігі ретінде қарастырады. Дегенмен технологияны енгізудің өзіндік шектеулері бар. Қымбат техника, сенсорлар мен жасанды интеллект жүйелері шағын шаруашылықтарға қарағанда ірі агроқұрылымдарда өзін тезірек ақтайды.
Сонымен қатар жасанды интеллектінің тиімділігі оның сапалы деректерге сүйенуіне байланысты. Сондықтан Қытайдың мақсаты адамды ауыл шаруашылығынан толық ығыстыру емес. Мұнда машина қайталанатын жұмысты атқарып, алгоритм деректерді талдайды, ал күрделі шешімдерді адам қабылдайтын модель қалыптасып келеді.
Хэйлунцзян мамандарының айтуынша, бұл бағыт әлі бастапқы кезеңде. Қазіргі таңда цифрлық шешімдер сынақтан өтіп жатыр.
Қытай тәжірибесі Қазақстанға не береді?
Қазақстан мен Хэйлунцзянның климаты мен ауыл шаруашылығының құрылымы әртүрлі. Сондықтан Қытай тәжірибесін толық көшірудің қажеті жоқ. Дегенмен суару, мониторинг және дәлме-дәл егіншілікке қатысты жекелеген технологиялар Қазақстан жағдайында тиімді болуы мүмкін.
Мәселен, автоматты суару жүйелері, топырақ ылғалдылығын өлшейтін датчиктер мен ауа райын талдау технологиялары оңтүстік өңірлерде су тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Ал солтүстіктегі астықты аймақтар үшін ұшқышсыз тракторлар, спутниктік мониторинг пен агродрондар маңызды құралға айналуы мүмкін.
Бұл бағыттағы ынтымақтастық техника алмасумен шектелмейді. Қазақстандық және қытайлық ғылыми ұйымдар Қазақстан жағдайына бейімделген қуаңшылыққа төзімді бидай, жүгері, құмай, күнбағыс және рапс сорттарын зерттеу әрі бірлесіп шығару мәселесін талқылап жатыр. Тараптар мәселеге 18 қыркүйекте ҚР Ұлттық ғылым академиясында өткен кездесуде ерекше назар аударды.
Қытайдың Қазақстан үшін маңызы технологиямен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін ірі нарық ретінде де артып келеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы қаңтар–маусым айларында Қытайға 1,1 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Негізгі экспорттық тауарлар қатарында астық, өсімдік майы, майлы дақылдар мен жемшөп бар.
Экспорт көлемі артқан сайын Қытай нарығының сапа, қауіпсіздік және өнімнің қадағалануына қойылатын талаптары да маңызды бола түседі. Мұнда цифрлық технологиялардың рөлі артады. Олар өнімнің егістіктен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы тағы бір қадам – Қазақстан мен Қытайдың астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауға арналған бірлескен электронды платформаны іске қосуы. Платформаның алғашқы нәтижелерінің бірі – Қазақстаннан Қытайға 24 мың тонна зығыр жеткізу жөніндегі келісімшарт.
Сала мамандарының айтуынша, платформа қазақстандық шаруаларға Қытайдың түрлі өңірлеріне өнім жеткізуге арналған мемлекеттік тендерлерге тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылар үшін тараптардың уақытылы есеп айырысуы мен өнімді жеткізуін қамтамасыз ететін төлем тетігі әзірленген.
Ауыл шаруашылығының жаңа моделі
Қытай моделін Қазақстанға толық көшіру мүмкін де емес, қажет те емес. Маңыздысы – Хэйлунцзян тәжірибесіндегі технологиялардың өзінен гөрі, олардың нақты мәселелерді шешуге бағытталу тәсілін ескеру.
Қазақстан үшін мұндай шешімдер ең алдымен су ресурстарын үнемдеу, еңбек шығынын азайту, өнімділікті арттыру, өнімнің цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету және Қытай нарығына шығу міндеттерімен байланысты. Бұл ретте ауыл шаруашылығының болашағы мүмкіндіктерді тиімді ұштастыруда жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс жасанды интеллект адамзатқа ауқымды қауіп тудыруы мүмкін екенін айтқан еді.