Ақылы жолда төлем жасаудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда жол ақысын автоматты түрде төлеуге мүмкіндік беретін RFID-белгілерді пайдалануға болады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Компания мәліметінше, жаңа технология төлем алу пунктерінен өту уақытын қысқартып, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды кезеңдерде кезектің азаюына мүмкіндік береді.

RFID-белгі автокөлікке орнатылып, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен пайдаланушының жеке шотына байланыстырылады. Көлік төлем алу пунктінен өткен сәтте жүйе оны автоматты түрде анықтап, жол жүру ақысын жеке шоттағы қаражаттан есептен шығарады.

– Жүргізушіге төлем жасау үшін арнайы тоқтаудың қажеті жоқ. RFID-белгілер тегін беріледі. Оларды республикалық маңызы бар ақылы жолдардағы төлем алу пункттерінен алып, сол жерде орнатуға болады. Мамандар құрылғыны автокөлікке байланыстыруға көмектеседі, – деп хабарлады компания.

RFID технологиясын пайдалану төлем алу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жүргізушілер жол ақысын қолмен төлеуге уақыт жұмсамай, төлем пунктінен тоқтаусыз өте алады.

Белгіні алғаннан кейін жүргізуші жеке шотындағы теңгерімнің оң болуын қадағалауы қажет. Қаражат жеткілікті болған жағдайда жол ақысы автоматты түрде алынады.

RFID-белгіні алу, орнату және пайдалану тәртібі туралы толық ақпаратты «ҚазАвтоЖолдың» 1403 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.

Айта кетейік, жаңа ақылы жолдармен бір айда жарты миллионнан астам көлік өтті.