Әкім Астананың суын үнемдеуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда Астанадағы суды тұтыну көлемі 50 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім Астананың суын үнемдеуге шақырды

«Судың да сұрауы бар. Бізде таза суды көлік жууға немесе бау-бақшасын суаруға жұмсайтындар бар. Мәселен, қаламыздағы көлік жуатын орындардың 20 пайызында, жер үйде тұратындардың 21 пайызында ғана суды үнемдейтін құрал орнатылған. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан суды үнемдеу өте маңызды мәселе. Халықты суды үнемдеуге шақыру бойынша халықаралық тәжірибелерді талдап, арнайы шаралар жүргіземіз», - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев халыққа есеп беру кездесуінде.

Қала әкімінің айтуынша, 2018 жылы 48 шақырым болатын тораптық су таратқышты жөндеу жұмыстары жалғасады. Одан бөлек, бірінші сорғы стансасы жаңғыртылып, жаңа сорғы станциясы мен кәріз жинағыш құрылысы басталады. Судың тасуы кезінде Кіші Талдыкөлдегі су деңгейі төмендетіледі. Жобалардың жалпы құны - 68 млрд теңге, 2018 жылы 9 млрд теңге бөлінеді.

Сондай-ақ, әкім астаналықтардың орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігі бойынша жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. Қазіргі уақытта астаналықтардың 2 пайызы суды көшеден тасып жүр. Бұл орайда сумен қамту жүйелерін жүргізу арқылы көшелердегі су колонналарын алынып тасталады. 2020 жылға дейін 210 су колоннасының 102-сін алып тастау жоспарланған.