Әкім банктің қара тізіміне енген тұрғынға көмектесуге уәде берді - Алматы облысы
Аты-жөні аталмаған азаматтың сөзінше, ол банктен несие алған. Алайда ол қазір банктің қара тізіміне еніп, тосқауылдар көбейген.
«Мен банктің қара тізіміне ендім. Қазір жұмысыма бұл жайт кедергі келтіруде. Амандық Ғаббасұлы Сізден осы мәселені шешіп беруді сұраймын», делінген хатты облыс басшысы халық алдында оқып, жауапты мамандарға мәселені шешу жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ тағы бір тұрғын жазбаша жолдаған хатында көмір мәселесін көтерді.
«21 ғасырда көмірді қаппен алуға мәжбүрміз. Бұл не деген сұмдық. Барлық жауапты мамандар жазалансын. Оларды жұмыстан шығару керек», делінген хатта.
Алайда облыс басшысы мұндай пікірмен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, жауапты мамандар тиісінше жұмыс істеуде және қатты отын мәселесі қатаң бақылауда. Және облыс бойынша көпқабатты тұрғын үйлерде құбырлардың қатып қалу жағдайы тіркелмеген.
Айта кету керек, Талдықорғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың халық алдындағы есебі өтуде.