Әкім тапсырмасы: Алматы полициясы Сейфуллин даңғылында арнайы рейд жүргізді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өткен түні Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша Сейфуллин даңғылы бойында интимдік қызмет ұсынатын қыздарды анықтау үшін полицейлер арнайы рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл тапсырманы орындауға аудандық полиция инспекторлары мен мобильді полиция учаскелері тартылды. Өткен түнде Сейфуллин даңғылы бойында 130 адам ұсталды, оның ішінде 53 әйел бар. Олар жезөкшелікпен айналысып, көрсеткен қызметтері үшін ақша алып келген. Пәтерді жалға беретін 13 адам және жеңіл жүрісті қыздарды діттеген жеріне жеткізіп отырған 5 жүргізуші бар.
«58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 23-і - жезөкшелікпен айналысатын қыз-келіншектер. Нақтырақ айтқанда, 14 адам - интимдік қызмет туралы ақпарат таратқаны үшін, 5-і - тәртіпсіздік, 11-і - қоғамдық орында спирттік ішімдіктер ішкен, 19-ы - қаланың абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, 9-ы ҚР көші-қон заңына қайшы әрекеттері үшін жазаланды», - деді Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров.
Бұдан бөлек,жеңіл жүрісті қыздар баратын қонақ үй анықталды. Оның иесі жезөкшелікпен айналысатындарға жатын орындарды ұсынып отырған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 315 мың 625 теңге.
Қылмыстық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда адам саудасы бойынша 13 қылмыс ашылған. Атап айтқанда, жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің 8 фактісі (ҚР ҚК 309-бабы), жезөкшелікпен айналысуға тартудың 3 фактісі (ҚР ҚК 308-бабы), кәмелетке толмаған адам саудасының 1 фактісі (ҚР ҚК 135-бабы) және адам саудасы бойынша 1 факті (ҚР ҚК 128).