Әкім тойдан қолы тимейтін шымкенттік ата-аналарды сынады

«Аптаның дүйсенбісінен бастап жексенбісіне дейін той. Ата -аналар баласына қарауға уақыты жоқ, өйткені тойдан қолы тимейді. Ол борыштіқ іс сияқты. Тойға барып, көріну керек деген. Тойдың ертеңінде түске таман тұрасыздар. Балалар өз бетімен. Содан кейін ол балалар қалай болса солай тәрбие алып жатыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі тойлардағы дастархан жасауда да белгілі бір тәртіптің жоқ екендігін тілге тиек етті.
«Біздегідей дастархан жасау, ысырапшылдық еш жерде жоқ. 500,600-700 адам келетін той еш жерде жоқ. Кешегі 45 градус ыстықта қанша адам тамақтан уланды. Айналдырған 5-6 сағатқа сонша дастархан жасауға не қажеті бар соншама. Қала берді сол тойға бару үшін көлікке толып мініп алады. Осындай жағдайлардың салдарынан адамдар өліп жатыр. Екі-үш күннің ішінде 6-7 адам қайтыс болды. Оның ішінде балалар бар. Тойдан қайтқан адамдар, ішіп алып көлікке нығалады»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бұл ретте әкім білім саласы қызметкерлеріне ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, олардың бала тәрбиесіне көңіл бөлуіне атсалысуға шақырды. Сондай-ақ өз тарапынан мемлекеттік қызметкерлердің жанұясына көбірек уақыт бөлуге жағдай жасалатынын атап өтті.
«Мен өз тарапымнан да мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан уақытында қайтуына жағдай жасайтын боламын. Әке-шешенің жылуын сезінбеген бала қатыгез болады», - дейді өңір басшысы.