Әкім Түркістандағы жылу беру мәселесін қатаң бақылауына алды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлерге жылу беру мәселесі қала әкімінің қатаң қадағалауына алынды. Бұл туралы шаһар басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сала мамандарының сөзінше, облыс орталығындағы жылу жүйесінде техникалық ақау орын алған. Салдарынан мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй иелері жылуы нашарлап кеткен. Ендігі жерде ақауды жауапты мамандардың көмегімен қалпына келтіру шаралары жүргізілуде.
Тұрғын үй инспекциясының басшысы Қаныш Үркінбаев қазір жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Әлеуметтік желі арқылы атқарылып жатқан істерді тұрақты түрде жариялауды ұсынған қала әкімі барлық дербес бөлім басшыларына белсенділік танытып, желі арқылы түскен тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге шақырды.
Сондай-ақ, «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің сапасын сынға алған Рашид Абатұлы аталған мәселелер бойынша жауапты сала өкілдері жазасыз қалмайтынын, ол үшін қосымша қызметтік тексеріс жүргізілетінін қатаң ескертті.