Әкімдер әкімдік құрылымын неғұрлым функционалды ету туралы өтініш білдіруде
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкімдер әкімдік құрылымын неғұрлым функционалды ету туралы өтініш білдіруде. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағы бір маңызды мәселе. Осы жылы мемлекеттік аппарат санын азайту және өңірлерде басшы буынды оңтайландыру жөніндегі жұмыс аясында әкім орынбасарларының саны қысқартылды. Үш орынбасардан аспайтын лимит белгіленді. Өткен уақыт білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сияқты халыққа сезімтал бірқатар мәселелер бойынша жергілікті үйлестірудің төмендеуінің және жауапкершіліктің бұлыңғырлануының елеулі тәуекелдерін көрсетті. Әкімдер әкімдік құрылымын неғұрлым функционалды ету туралы өтініш білдіруде. Үкіметке әкімдіктердің дәлелдерін мұқият зерделеуді, келісілген ұсыныс енгізуді, бірақ штат санын көбейтпеуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Фото: t.me/bort_01