Әкімдер арнайы тапсырма күтпей, өздері инвестиция тартуы керек – Еркін Тұқымов
Сарапшы мұндай ауқымды кеңеске мәслихат өкілдері тұңғыш рет қатысқанын атап өтті. Оның пайымынша, бұл - бүкіл билікті бір орталыққа жұмылдырудан арылып келе жатқанын айғақтайды.
«Менің ойымша, бұл өте жақсы бастама. Бұл тәжірибені жалғастыру керек. Өйткені, мәслихаттардың маңыздылығын бәрі бірдей түсіне бермейді. Оның үстіне мәслихаттардың өзі әлі қалыптасу процесінде. Жасалған қадам орынды, бірақ үлкен жұмыс атқарылуы керек», - деді Еркін Тұқымов.
Президент өз сөзінде мәслихаттар жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғауды басты бағдар етіп алуы керектігін баса айтты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды қайта жандандыру қажет екенін атап өтті.
«Жергілікті билік біреудің арнайы тапсырмасын күтпей-ақ, жұмыс орындарын құру, өндірісті жолға қою үшін инвестиция тартуы керек. Инвестиция тарту – әкімдердің жұмысын бағалау үшін де қажетті құрал. Дегенмен бұл жерде бей-берекетсіздікке жол бермеу маңызды. Инвестициялардың қай салаларға бағытталатынын, олардан экологияға қандай зиян келуі мүмкін деген сұрақтарды нақты есепке негіздей отырып, пысықтауы тиіс. Мұнда сан емес, сапа да маңызды», - деп тоқталды ҚСЗИ директоры.
Сонымен қатар, Еркін Тұқымов Президент сөзіндегі электр энергиясы, жылу тарифтері мен жанар-жағармай бағасының біртіндеп қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе турасында уәкілетті органдар өз ұстанымын жариялады.
«Мен уәкелетті органдармен келісемін, тегін ештеңе болмайды. Бағалар төмен және бұл нарықтық экономика. Судың бағасы бойынша бізде әлемдегі ең төменгі тарифтер қойылған. Әрине, әлеуметтік осал топтарға көмектесу керек. Президент бұл туралы айтты және біз осы бағытта нақты іс атқаруымыз тиіс. Бұл мәселеде ең бастысы – адамдарға түсіндіре білу қажет. Қазақстанда проблемаларға жиі түсіндірме беріліп жүр. Менің ойымша, біздің халқымыз ақымақ емес. Егер не үшін жасалып жатқанын айтсаң, түсінеді. Бірақ халыққа нақты әрі жүйелі түсіндіру болмаса, онда мұның теріс салдары болуы мүмкін», - деп түйіндеді Еркін Тұқымов.
Еске салайық, бүгін Президент төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтті.