Әкімдер азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін не істеуі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев әкімдер азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін не істеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге келесі шараларды қолдану ұсынылады. Біріншіден, қазіргі кезде егін жинау науқанына байланысты және көкөніс өнімдерінің бағасының төмендігін ескере отырып, тұрақтандыру қорларын көкөніс өнімдерімен толықтырылу қамтамасыз етілсін», - деді ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөнінде баяндай келе.
Екіншіден, вице-министрдің айтуынша, қоймалардың техникалық мүмкіндіктерін талдап, соған сәйкес тұрақтандыру қорларына сатып алынған өнімнің тиісті сақталуын қамтамасыз ету қажет.
«Үшіншіден, тұрақтандыру қорларына ұсынылған көлемдегі қантты сатып алу және сақтауға беру жеделдетілсін. Төртіншіден, Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру штабтарының жұмысы жандандырылсын», - деді Арман Евниев.