Әкімдер еңбек қақтығыстарын бақылауда ұстауы тиіс - Үкімет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімдер әлеуметтік-еңбек қақтығыстарын болдырмау мәселесін бақылауда ұстауы тиіс. Бұл туралы бүгін еңбек қатынастарын реттеу жайы қаралған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдер еңбек қақтығыстарын бақылауда ұстауы тиіс - Үкімет басшысы

«Әкімдер әлеуметтік-еңбек қақтығыстарын болдырмау мәселесін бақылауда ұстап, жұмысшылардың жұмыстан негізсіз қуылуына жол бермеуі керек. Бірқатар компанияларда еңбек қатынастарын жақсарту және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тиімді шаралар қолға алынған. Біз оны білеміз. Олар Елбасының жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру бойынша бастамасын қолдап отыр. Әлеуметтік жобалар жүзеге асуда», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Асқар Мамин мұндай оң тәжірибені басқа өңірлерде де қарқынды енгізу керектігіне баса назар аудартты.

«Бердібек Мәшбекұлы, Кәсіподақтар федерациясы мен «Атамекен» палатасының бүгінгі ұсыныстарын қарап, ортақ шешімге келу қажет. Соның ішінде қарызды өтеу, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау бойынша ұсыныстарды, үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе өңірлерде. Олар белсенді жұмыс жасауы тиіс. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды», - деді Премьер-Министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Сапарбаевқа қарата.

Сонымен қатар Үкімет басшысы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 5 жылдық жол картасын әзірлеу қажеттігін айтты.

«Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету - аса маңызды мәселе. Осыған орай Еңбек министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірлесіп, бір айдың ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша 5 жылға арналған жол картасын дайындауды тапсырамын. Гүлшара Наушақызы, бақылауға алыңыз», - деді Асқар Мамин орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялауды, облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын жандандырып, ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде қадағалап отыруды, жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын сатылы түрде көтеруді ұсынған болатын.