Әкімдер мен министрлер партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс – Елбасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдер мен министрлер партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдер мен министрлер партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс – Елбасы

«Мұнан да жаманы кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. Партия былай, мен былай, өзіме өзім осы жерде бастықпын. «Nur Otan-ның» барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін үлгі етті.

«Малайзияда министрлер, Премьер-Министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз», - деді Елбасы.