Әкімдер мен шенеуніктер атқарған қызметтерін нақты іспен көрсетсін - Президент

sp;АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің аймақтарында жұмыс істеп жатқан және аймақтағы азық-түлік өнімдерінің бағасын көтеріп отырған алыпсатарлардың әрекеттеріне қатаң тыйым салу қажет.

Әкімдер мен шенеуніктер атқарған қызметтерін нақты іспен көрсетсін - Президент

Бұл туралы бүгін тікелей желі арқылы жолданған тұрғындардың сауалдарына жауап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы алдымен шекарадағы  кедендік бақылау қызметінің Қазақстаннан импортталатын азық-түлік бағаларына қатысты мәліметтерімен таныстырды. Оған сәйкес, 1 келі картоптың құны кеденнен өтетін кезде 24 теңге болса, дүкенде және бөлшек саудада оның құны 85 теңгеге шыққан. Сондай-ақ пияздың бағасы шекарада 47 теңге болса, бөлшек саудада 96 теңге тұратын болып шықты. Осы сияқты ел арасында кеңінен пайдаланылатын бірқатар азық-түлік тауарларының бағаларын тізіп шыққан Президент таң қалған кейіппен «Мұның барлығын қадағалап отырған адам бар ма? Монополияға қарсы комитет қайда қарап отыр? Ал Үкімет бұл мәселеден неге сырт қалуда?» деді қатал түрде.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Экспресс К» басылымы жақында Павлодарда 1 келісі 17-18 теңге тұратын сәбіздің 60 теңгеге сатылып жатқандығын жазды. «Сонда әкімдер мен монополияға қарсы қызмет өкілдері қайда жүрген. Үкімет неге қалғып отыр. Біз неге бетімен кеткен алыпсатарлардың әрекеттерін тыя алмай отырмыз.  Үкімет басшысы қазір теледидар алдында отырған болар. Мен оған осы мәселелердің барлығын жедел түрде шешуді тапсырамын», деді Президент.

Сондай-ақ өзінің сөзінде осы мәселеге байланысты жақсы жаңалықты жеткізген Мемлекет басшысы «Алматы қаласында «Арзан» деген дүкен бар екен. Ол «Райымбек групп» компаниясының сауда орны. Компания иелері тікелей тасымал арқылы азық-түлік бағасын арзандатуға қол жеткізген. Компанияның осындай 10 дүкені бар екен. Біз мұндай кәсіпкерлерге қол ұшын созуымыз керек. Оның дүкендерін еліміздің барлық аймақтарынан ашу керек. Компания иелері азық-түлік бағасын арзандатуға алыпсатарлардың әрекеттеріне тосқауыл қою арқылы қол жеткізген  және тауарды өндірушілермен арнайы келісім-шарт жасаған. Қорыта айтқанда, шенеуніктер шын мәнінде жұмыс істегісі келсе, оны нақты іспен көрсетсін. Әйтпесе мәжіліс, жиындарда құры қол сермегендерінің қажеті жоқ», деді Н.Назарбаев.