Әкімдер мен жергілікті қауымдастыққа қосымша функциялар беруге бағытталған заң қабылданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, қабылдады.

Әкімдер мен жергілікті қауымдастыққа қосымша функциялар беруге бағытталған заң қабылданды

Қабылданған Заң Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 97-98 қадамдарын жүзеге асыруға бағытталады.

Атап айтқанда, Ұлт жоспарына сәйкес, ауыл әкімдеріне және жергілікті қауымдастықтың жиналысына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша қосымша функциялар беру туралы айтылған. Бұдан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетін кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ, азаматтарды жергілікті бюджеттің жобасын қалыптастыру мен оның орындалуын талқылауға қатыстыру туралы тапсырмалар жүзеге асатын болады.

Осы міндеттерді шешу бойынша құжатта тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешу үшін әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңімен және рет-ретімен бекітуге бағытталған нормалар қамтылған. Бұл ретте заң арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі мен оның жұмыс істеу тәртібі енгізіледі. Аталған кеңес бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларында құрылатын қала әкімінің халықпен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңыздағы қала және астананың әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болмақ.

Бұдан бөлек, тұрғындардың жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі рөлін арттыру және оларды сапалы шешуі үшін жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарында талқыланатын мәселелердің тізбесі кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беру мақсатында жер учаскесі аудандық маңыздағы қалада, ауылда, кентте тіркелген заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, көлік құралдары салығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер түрінде түсетін тізбе бекітіледі.

Сондай-ақ, құжат арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаты есебінен алынған мүлік аудандық маңыздағы қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі аппаратының балансына бекітіліп берілетіндігі қарастырылған.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.