Әкімдер сайлауының науқанында 42 арыз-шағым түсті - ОСК
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Ауыл әкімдерінің сайлау науқаны барысында 42 арыз-шағым тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты өткен брифингте ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.
«Келіп түскен арыздардың 18-і түсіндіру сипатында, ал 24-і шағымдар болып табылады. Оның ішінде Орталық сайлау комиссиясына 15 арыз тіркелсе, 27-і аумақтық сайлау комиссияларына түскен», - деді Т. Охлопкова. Оның айтуынша, сайлау өткен 14 облыстың 7-еуінен бір де бір арыз түспеген.
«Саны жағынан келсек, олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі, бұл - 16 арыз. Егер шағымдар сипатына келсек, бұлардың басым бөлігі негізінен әкімдер тарапынан ұсынылған кандидаттарды алып тастауға қатысты болып табылады. Ал басқа шағымдар сайлау комиссиясының жұмыс барысына қатысты емес, сайлау үдерісіне қатысы жоқ әкімдердің әрекетіне қатысты болып отыр. Үш шағым әкімнің жергілікті қауымдастық ұсынған кандидаттарды қолдамауына байланысты туындаған. Қалған шағымдар жергілікті жұртшылық тарапынан әкімдердің ұсынған кандидаттарын қолдамауға қатысты болды», - дейді ОСК мүшесі.
Осы ретте Т. Охлопкова Орталық сайлау комиссиясына телефон қоңырауы арқылы түсетін ауызша шағымдар да ескерілетінін айта келе, олардың барлығы тіркеліп, жедел жауаптар берілетінін, шапшаң шаралар қабылданатынын жеткізді.