Әкімдер су қоймаларында адамдардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жөнінде кеңестер өткізеді - ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов су қоймаларында, өрттерде және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Кеңесті аша отырып, С.Ахметов шомылу маусымы басталуымен су қоймаларында адамдардың, әсіресе, балалардың қазаға ұшырауы жиілеп кеткенін атап өтті.
"Адамдардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шараларды қолға алу керек деп санаймын. Өрттер санының көбеюіне алаңдаушылық та бар, оның үстіне қазір өрт қаупі кезеңі басталды", деді Премьер-Министр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ағымдағы жылғы 5 айда республикада 57 адам, соның ішінде 13 бала суға кеткенін хабарлады. Суларда барлығы 171 адам, соның ішінде 36 бала зардап шекті, одан 114 адамды, соның ішінде 23 баланы судан құтқару қызметтері құтқарып қалды. Алматы облысында - 13 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 10, Қызылорда облысында 8 адам, яғни суда кеткендер саны көбірек болып отыр.
Министрдің мәліметтері бойынша, ел аумағында 50 мыңнан астам су қоймалары бар, оларды халық суға түсуге, демалуға, балық аулауға пайдаланады, сондықтан да адамдардың қайғылы жағдайға ұшырау ықтималдығы үлкен.
"Талдау көрсетіп отырғандай, адамдар осы мақсатқа арнайы дайындалмаған орындар мен демалыс аймақтарында, ата-аналарының бақылауынсыз қалған балалар арналар мен арықтарға суға кетіп, мерт болуда", - деді В.Божко.
Осыған байланысты ТЖМ 2013 жылғы шомылу кезеңінде су қоймаларында қайғылы оқиғаларды болдырмау және санын азайту жөнінде бірлескен шаралар жоспарын жасады және ол келісілді. Судан құтқару қызметтері 4 мыңнан астам су қоймаларын түгендеуден өткізді, шомылуға болатын 535 демалыс аймақтары белгіленді, су алаптары иелерімен жағажайларды әзірлеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 200 балалар лагерьлері ерекше бақылауға алынды.
Судан құтқару стансаларына жақын орналасқан балалар жағажайларында балаларды жүзуге үйрету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы құтқарушылар 12 мыңнан астам балаларды суда жүзу дағдыларына үйретті.
"2013 жылғы өрт қаупі маусымы басталғалы бері Қазақстан аумағында 75 табиғи өрттер тіркелді, олардың ауданы 225 гектарды құрайды, келген шығын - 8 млн. 677 мың теңге. Ағымдағы жылы 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өрттер саны 4 есеге, шарпылған ауданы 3,3 есеге азайды, келтірілген шығындар - 6,6 есе аз", деп хабарлады В.Божко.
Табиғи өрттерге байланысты өрт қаупі күшейген жағдайда Үкімет аймақаралық сипаттағы орманды-далалы өрттерді жою жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес ірі өрттер аймағына 24 мың адам және 4 мың бірлік әртүрлі техника, соның ішінде 12 тікұшақ, 45 өрт пойыздары жұмылдырыла алады, деп сендірді министр.
Талқылауды түйіндей келіп, Үкімет басшысы су қоймаларындағы қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты С.Ахметов барлық деңгейдегі әкімдерге барлық қалалар мен аудандарда су қоймаларында адамдар демалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті кеңестер өткізуді тапсырды.
С.Ахметов сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен тиісті бірлескен жоспар қабылдауға өкім берді. "Бұл су қоймаларында адамдардың қайғылы жағдайға ұшырауын болдырмау және оның алдын алу жөніндегі кешенді шаралар. Өрт қауіпсіздігін ерекше атап өткім келеді. ТЖМ тарапынан тиісті нұсқаулар жіберілді. Олар бар, оларды қатаң сақтау қажет", деді С.Ахметов.
"Аймақтар әкімдерінің бұл мәселелерді ерекше бақылауға алып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруларын сұраймын", деп тапсырды С.Ахметов.