Әкімдердің қызметін жаңа жұмыс орындарын ашу рейтингісі бойынша бағалау қажет - Д. Назарбаева

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалу барысына арналған Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы депутат Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, өңірлердегі жұмыспен қамтуға, әлеуметтік қолдауға қатысты өтініш берген тұлғаларды тіркеудің автоматтандырылған жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Соның салдарынан ақпараттық жүйе және жергілікті атқарушы органдардың ұсынған мәліметтерінің арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Ақпараттық жүйе нақты мәліметтер бермегендіктен, статистикалық есеп облыстық басқарламалардың қағазбен ұсынған мәліметтері бойынша қалыптасады. «Бағдарламадағы тағы бір проблема орталық уәкілетті органның жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жеке құрылым арасындағы өзара байланысқа қатысты болып отыр. Бұл шара өңірлерде нашар ұйымдастырылған немесе кейбір аймақта мүлдем ұйымдастырылмаған деуге болады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері қамтылмаған. Үкімет «Жол картасы» бойынша бірқатар өзгерістер енгізіп, жағдайды түзеуге тырысып жатыр. Алайда, бағдарламаның екі жылы өтіп кетті. Соның бәрін ескере отырып, біздің ойымызша, әкімдердің рейтингіне жаңа жұмыс орындарын құру индикаторын енгізген дұрыс», - деді Д. Назарбаева.