Әкімдік: Алматы облысында қант тапшылығы жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Алматы облысының әкімдігі өңірде қант тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сауда желілері мен тұрақтандыру қорларының қоймаларында қант қоры жеткілікті және аймақта бұл өнімнің тапшылығы жоқ. Қазір елдегі жағдайға байланысты қате ақпараттарға сүйеніп, дүрлікпе жасамауды сұраймыз.
«Тәтті өнімнің бағасын тұрақтандыру үшін алдағы күндері тағы 20 тонна қант әкелінеді. Баға белгіленген шекті нормадан аспайды.
Бұл мәселе Алматы облысы әкімдігінің ерекше бақылауында және күнделікті мониторинг жүргізілуде. Жағдайды пайдаланып бағаны шектен тыс өсірген сатушылар жауапқа тартылатын болады»,- делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, кеше Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елде қант тапшылығы жоқ екенін айтты. Ақпаратқа сүйенсек, сауда желілері мен тұрақтандыру қорларындағы қант қоры кемі үш айға жетеді. Сонымен қатар қант өндірісі жалғасып жатыр, ол тоқтамайды. Қор толтырылып отырады. Яғни, үш айдан кейін қорлар таусылып, қант тапшылығы болады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.