Әкімдік Аягөздегі орталықты Өскеменге көшіруге қатысты ұстанымын білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аягөздегі 4 баланың өлімі тіркелген орталықты Өскеменге көшіруге қатысты Шығыс Қазақстан әкімдігі позициясын білдірді. Орталықтың мәселесі Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аягөз қаласында орналасқан Балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығын Өскеменге көшіру жөнінде айтар болсақ, бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Жалпы, облыс басшылығының келісімімен орталықты көшіру мәселесін қолдамайтынымызды айтқым келеді. Аргументтер мынадай: біріншіден, балалар ол жерде туғаннан бері өмір сүріп келеді. Орталықтың бұрыннан бергі мамандарынан қол үзетіндіктен ол жердегі балалар психологиялық соққы алуы мүмкін. Сонымен қатар, Өскемен қаласында сол мекемені орналастыратын нысан жоқ. Оған қоса облыс орталығының экологиялық ахуалы ондағы балалардың денсаулығына қауіп төндіруі де мүмкін», - деді ШҚО әкімінің орынбасары Мархабат Әлішер.
Оның айтуынша қалалардағы сондай мекеме қызметкерлерінің орташа айлығы біліктілігі жоғары мамандарды тартуға жетпейді.
Бұл мәселеге қатысты министр Білім және ғлыым министрі Асхат Аймағамбетов облыс әкімдігі мен комиссия өкілдері тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті.
«Бұл мәселеге қара және ақ призма тұрғысынан қарамау керек. Әлбетте ілгері басқан жұмыстар да, біздің сәйкесе бермейтін позицияларымыз да бар. Аягөздегі орталық бойынша ең маңызды мәселе – балалардың жоғары технологиялы медицинаға қол жеткізу алуында. Онда болған оқиғалар бұл проблеманың тезірек шешілуін талап етеді. Мәселе оның тым алыста болғанында. Керекті көмекке қолжетімділік - басты міндет. Балалар білікті көмек алуы керек. Сол себепті тағы бір мәрте осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Комиссия тиісті өзгерістер туралы баяндама жасауы керек. Бірқатар сұрақ бойынша қосымша қажетті шешім қабылдануға тиіс», - деді ол.
Еске сала кетсек жақында аталмыш орталықтағы төрт баланың өліміне қатысты сот үкімі шыққан болатын.