Әкімдікке үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кірісті
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат -Әкімдікке кандидаттар сайлау алдындағы үгіт науқанына кірісті.
Бұл туралы бүгін Астанадағы дәстүрлі брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«24 шілдеде Қазақстан бойынша аудандық маңыздағы қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдігіне үміткерлерді тіркеу ресми түрде аяқталған болатын. Қазіргі таңда үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысын бастап та кетті. Жалпы елімізде 2 457 әкім сайланады. Бұл әкімдік корпусының 91,5 пайызы. Қазіргі таңда 7 173 кандидаттың 7 018-і ресми түрде тіркелді.
Сайлау 5-9 тамыз аралығында өтеді. Ал сайлау өтісімен 5 күннің ішінде ОСК оның қорытындысын ресми түрде жария етеді. Кандидаттарға бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа, олардың әрқайсысы үгіт науқанына қатысты белгіленген тәртіппен құрылатын өз сайлау қорының қаражатын пайдалануға құқылы болады. Ал кандидаттардың сайлау қорының мөлшері 1 млн. 399 мың 500 теңгеден аспауы керек.