Әкімдіктер бей-берекет қоқыс үйінділерін толық жоюы керек – Экология министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктер бей-берекет қоқыс үйінділерін толық жоюы керек – Экология министрі

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, жоғарыда баяндалғанның негізінде, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында келесі шараларды қабылдау қажет. Бірінші, мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шаралары мен көрсеткіштерін және өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету керек», - деп атап өтті С. Брекешев Үкімет отырысында.

Екіншіден, әкімдіктер бей-берекет қоқыс үйінділерін толығымен жоюды қамтамасыз етуі тиіс. Полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіріп, қоғамдық көлікті газға және/немесе электр көлігіне ауыстыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы керек.

«Үшіншіден, Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, анауғұрлым ластанған 10 қалада жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газға немесе баламалы энергия көздеріне қосу мәселесін пысықтауы керек. Әрі қарай тиісті мемлекеттік органдар автокөліктерге техникалық байқау жүргізуді күшейтсін және жанар-жағармай материалдар сапасына бақылауды қамтамасыз етсін», - деді Экология министрі.

Бұған дейін Серікқали Брекешев Қазақстанның 6 қаласында қоқыс жағатын зауыттар салынатынын айтқан еді. Жыл басынан бері 7,3 мың үйіндінің 86 пайызы жойылды. 17 мыңға жуық құқықбұзушы жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге сомасына айыппұл салынған.

Сонымен бірге еліміздегі 3 мыңнан астам қоқыс полигонының 20% ғана нормаға сай екені анықталды.