Әкімдіктермен қант қызылшасын өсіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүріп жатыр – министрлік
«Қант бағасын арзандату үшін жергілікті әкімдіктер өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тұрақтандыру қорындағы қант көлемін алдын ала қалыптастыру керек еді. Алайда, ол үшін ішкі нарықта қант жеткілікті мөлшерде болуы керек. Осы орайда Ресейдің қант экспортына тыйым салуына байланысты проблемалар туындады. Тиісінше әкімдіктер қанттың арзандауын қамтамасыз ете алмады», - делінген ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауал жауабында.
Министрліктің ресми жауабында айтылғандай, қазір елге квота бойынша бажсыз қант жеткізуге рұқсаттың берілуіне байланысты әкімдіктер тұрақтандыру қорын құрып жатыр.
«Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша (19.08.2022 жылғы жағдайға сәйкес) республикадағы қант қоры 33,6 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктермен келесі жылы қант қызылшасын өсіру көлемін ұлғайту және қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде», - дейді ауыл шаруашылығы министрлігінен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай аталған ведомство күзге қарай елімізге қант жеткізу жағдайы тұрақталып, бағаның арзандайтындығын болжап отыр.