Әкімдіктің қала құрылысы кеңесінде дауыс беру құқығы жоқ – Ерболат Досаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарының құрылыс жұмыстары жоспарланған жер учаскелерін алып қою туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің қала құрылысы кеңесінде дауыс беру құқығы жоқ – Ерболат Досаев

Бостандық ауданы тұрғындарының бірі Ерболат Досаевқа Егізбаев, 9 мекенжайындағы жер учаскесі 15 жыл бойы мақсатсыз пайдаланылғаны туралы айтты.

Оның сөзінше, әкімдік 6,7 гектар жердің тек 4 гектарын ғана алып қойған.

«Қазір сол қалған жер учаскесінде бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр. Егер құрылыс басталатын болса, көрші үйлердің тұрғындарымен келісіледі ме?»,- деп сұрады Бостандық ауданының тұрғыны.

Ерболат Досаевтың айтуынша, әкімдік аталған мекенжайдағы жер учаскесін мүмкіндігінше сатып алды.

«Біз төрт гектар жерді мүмкіндігінше сатып алдық. Мен бүкіл қала бойынша учаскелерді сатып ала алмаймын. Бұл қомақты қаражат. Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің мәселесімен қала құрылысы кеңесі айналысады, жоба әзірге пысықталуда. Дайын болған кезде біз оны міндетті түрде көрсетеміз. Қазір қалада қала әкімі бірде-бір құрылыс жобасын қарамайды-бұл мәселелермен қала құрылысы кеңесі айналысады. Әкімдіктің онда дауыс беру құқығы жоқ.

Өткен жылы, менің бастамам бойынша осы консультативтік-кеңесші орган құрылған кезде, біз бірден қаланың түрлі әлеуметтік топтарының өкілдері мен сарапшыларының қала кеңесіне кіруді көздедік. Қала кеңесінің отырыстарына шығарылатын жобалардың орта есеппен 70%-ы келісуден өтпейді және оларды әзірлеушілерге қайтарылады деп айта аламын»,- деп жауап берді Ерболат Досаев.