Әкімнің сапарынан кейін Өскеменде төрт мектеп жөнделетін болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде қала басшысы қонақта болған мектептердің барлығы жөндеуді қажет ететіні анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әкімнің сапарынан кейін Өскеменде төрт мектеп жөнделетін болды

Сенбі күні  қала басшысы Жақсылық Омар бірнеше әлеуметтік нысанда болып, олардың жұмысымен танысты

Өскемен әкімі алдымен қаладағы Сәтбаев даңғылын қиып өтіп жатқан Шешек өзенінің көктемде су тасқынын туғызу қаупі бар учаскесіне барды. Тасқынның алдын алу жұмыстарымен танысқан соң, былтырғы жағдай қайталанбас үшін тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Кейін Жақсылық Омар аталған Сәтбаев даңғылының бойында орналасқан көпқабатты бес үйдің және Виноградов көшесіндегі 6 үйдің аулаішілік аумақтарын аралап көрді. Бұл аулаларда үйлер мейлінше тығыз орналасқан әрі ойнайтын бала да көп.

«Бүгін қалалық сала басшыларымен бірге келесі жылы қайта жөндеуді қажет ететін аулаларды қарастырдық. Бірінші кезекте тозып тұрған және қала орталығынан алыс жатқан аудандардың аулалары заман талабына сай жаңғыртылатын әрі кеңейтілетін болады», - деді Өскемен қаласының әкімі.

Сонымен қатар бұл күні қала басшысы облыс орталығының әр ықшам ауданында орналасқан №17 орта мектепте, №10 мектеп-гимназияда, №34 мектеп-лицейде және №20 орта мектепте болып, білім ұжымдарының жұмысына және ғимараттардың қазіргі жай-күйіне қанықты.

Кездесулер барысында білім ошақтарының барлығына жөндеу жұмыстарының қажеттігі белгілі болды. Олардың кейбірі салынғалы бері ешқандай жөндеу көрмесе, енді бірінің жертөлесіне жыл сайын көктемде су толады. Анықталған түйіткілдер бойынша қала әкімі Жақсылық Омар тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.