Әкімшілік айыппұлдарға қатысты «е-айыппұл» базасын іске қосу қарастырылуда - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын аралықта елімізде әкімшілік істерге қатысты «е-айыппұл» мәліметтер базасы іске қосылуы мүмкін. Бүгін ҚР Бас прокуратурасында Заңдылық, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті үйлестіру кеңесінің отырысында Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті.
None
None

Ж.Асановтың сөзіне қарағанда, айыппұл төленбеушілігіне қатысты мәселені зерделеу барысында оның 31 түрлі себебі және олардың әрқайсысы бойынша жүйелі шешімнің кешенді шаралары анықталған.

«Бір жарым жыл ішінде мемлекеттік органдар ешқандай шаралар қабылдамастан негізсіз түрде сот орындаушыларына 40 млрд. теңгені құрайтын 700 мыңға тарта қаулысын жолдаған. Яғни, сот орындаушыларына жолданған қаулылардың 95 пайызы негізсіз болып отыр. Соның салдарынан органдар арасында ұшы-қиыры жоқ құжат айналымы орын алып, ұзын-сонар хат алмасуларға, пошталық шығындарға, ақыр аяғы сот орындаушыларының негізгі жұмыстарынан ауытқуларына әкеп соқтырған», - деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан орын алған бей-берекетсіздік салдарынан іс материалдары қозғалыссыз жылдар бойы жатып қалады. Мәселен, мемлекеттік органдарда жатқан 1,5 миллиард теңгенің 155 мың қаулысы анықталған. Ал Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасында 42 млн. теңгенің 11 мың айыппұлдық қаулысы 2 жыл бойы сот орындаушыларына жолданбастан жатып қалған. Осыған байланысты ІІБ бастығының орынбасары және әкімшілік полициясы басшысының орынбасары жұмыстан босатылды.

«Әрине, жаза қолдану арқылы проблеманы шеше алмаймыз. Бізге әрбір айыппұлдың салынған сәтінен бастап, оның орындалуына дейін қадағалайтындай бірыңғай база қажет. Мұндай мәселені алдағы уақытта әкімшілік істердің электрондық мәліметтер базасы ретіндегі «е-айыппұл» құру арқылы шешуге болады», - дейді Ж.Асанов.

Соңғы жаңалықтар