Әкімшілік кедергілерді жоюды көздейтін I-Azamat жобасы іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімшілік кедергілерді жоюды көздейтін I-Azamat жобасы іске қосылады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин мәлім етті.
«Мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартып, жемқорлыққа жағдай туғызатын әкімшілік кедергілерді жоюды көздейтін I-Azamat жобасын дайындап жатырмыз. Жоба іске қосылғаннан кейін халық үшін маңызды қызметтерді алуда адамдардың алдынан кездесетін кедергілерді айқындаймыз. Осыдан кейін мемлекеттік органдармен бірлесе кемшіліктерді жою бағытында жұмыс істемекпіз»,-деді ол.
Осы орайда Д. Жұмин қанатқақты жоба ретінде I-Azamat аясында Астана мен Қарағанды қалалары таңдалғанын жеткізді. Бұл қалаларда азаматтық құзырет мектептерін ұйымдастыру көзделіп отыр.
«Атап айтқанда, әр адам осы мектепке жазыла алады. Ондағы дәрістер ақысыз болады. Бір ай бойы біз осы адамдарды оқытып, дәрістерге денсаулық сақтау, білім беру және өзге де ведомстволардың өкілдерін шақырамыз. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтер жайында егжей-тегжейлі мәліметтерді береміз»,-деді ол.