Әкімшілік реформалар аясында жекелеген министрліктер мен ведомстволардың функцияларын өзгерткен жөн - М. Нәрікбаев
қпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Құқық қорғау жүйесін реформалау және оның одан әрі ізгіленуі» тақырыбында баяндама жасаған Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев экономикалық даму шеңберінде министрліктердің қызметіне өзгерістер енгізу қажеттігіне тоқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкімшілік реформалар аясында жекелеген министрліктер мен ведомстволардың функцияларын өзгерткен жөн. Оның ішінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін еліміздің жоспарлы бюджеттерін әзірлеуден босату керек. Оның орнына министрлік ұзақмерзімді стратегиялық құжаттар әзірлеумен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын персективалық жоспарлаумен айналысқаны абзал. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламаларға егер оның даму сызбасы, өндірістік күшінің орналасу тиімділіктері қарастырылмаса кез-келген жобаны еркін енгізе салуға тыйым салу қажет деп білеміз. Бұл ретте мысалға Тараз қаласында жүзеге асып жатқан металлургия зауытының жобасын алып қарауға болады. Бұл ауқымды электр энергиясын қажет ететін өндіріс бола тұра, жоба еліміздің ең энергияға тапшы өңіріне орналастырылыпты. Ал егер жоғарыда айтылған мәселелер алдын ала қамдалған болса, жобаны бұлайша шығынды түрде, тиімсіз жүзеге асыру орын алмас еді», деді М. Нәрікбаев.
Сонымен бірге, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тоқталған М. Нәрікбаев, Елбасы Жолдауында аталған даму Қазақстан экономикасы үшін үлкен мүмкіндік беретінін еске салды. «Бұл ретте өзінің жүйесінде тұрақты технологиялық үдерістер жүргізілетін кәсіпорындарға басым назар аударылуы тиіс», деді М. Нәрікбаев.