14:50, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
ӘКК-лер мен «ҚазАгро» бір-бірімен бақталас болмауы үшін бірлесіп қимылдаулары тиіс - Премьер-Министр
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздегі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) мен «ҚазАгро» холдингі бір-бірімен бақталас болмауы үшін өзара бірлесіп қимылдаулары тиіс.

Бұл пікірді бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкімет мақұлдаған жағдайда Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар «Самұрық-Қазына» қорының құрылымындағы барлық компаниялардың өңірлік үйлестірушісі болады. Бұған қосымша мұнда «ҚазАгро» холдингінің құрамындағы компаниялармен нақты өзара іс-қимылды жолға қою қажет. Бұл Әлеуметтік кәсіпкерлік компаниялар мен «ҚазАгроның «бір-біріне бақталас болмасы үшін қажет», деді Үкімет басшысы. «Іс-қимыл нақты болуы тиіс, өйткені екеуіне де мемлекеттің қаржысы беріліп отыр», деп нақтылады сөзін К. Мәсімов. Премьер-Министр сонымен қатар Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың жер қойнауын пайдаланудағы рөлі қай тұстан аяқталатынын және мемлекеттік кен-қазба компанияларының рөлі қай тұстан басталатынын нақтылау қажеттігін атап көрсетті. «Бұл мәселе бойынша нақты критерий болуы тиіс», деді ол.