Ақкөл ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанғандар туралы кітаптың таныстырылымы болды - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. КазАқпарат - Ақкөл ауданында «Ақкөлдіктер майданда, тыл да және бүгінгі өмірде» атты жинақ кітабы жарық көрді.
Туындының авторы - «Ұзақ жасаушылар» клубының президенті Раиса Шипилова.
Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында басылып шыққан кітапқа негізінен «Знамя Родины», «Ақкөл өмірі», «Знамя Родины KZ» сияқты аудандық газеттерде әр кездері жарық көрген мақалалар топтастырылған.
Жинақ Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Михаил Куликов жайында очеркпен басталады. Өйткені, осы кісінің бастамасымен өткен ғасырдың 80 жылдардың соңында Ақкөл ауданында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін келер ұрпаққа жеткізу бағытында мақсатты жұмыстар қолға алынған болатын. Сол кезде Раиса Шипилова МихаилАфанасьевичтің көмекшісі болған еді. Екеуі 5 жыл бойы газет беттерін ақтарып, деректерді зерттеген және де көне көз куәгерлердің сөздерін жазып алған.
Алғашқы шығарма қан майданда мерт болып, хабарсыз кеткен солдаттар туралы 1994 жылдың 1-ші желтоқсанында жарық көрген болатын. Міне енді соның жалғасы ретінде «Ақкөлдіктер майданда, тыл да және бүгінгі өмірде» атты жинақ кітабының тұсауы кесіліп отыр.
Кітап авторының айтуынша, әр заман өзінің батырларын дүниеге әкеледі. Олардың жасаған ерліктері мен елдік істерін, басынан кешкен оқиғаларын ұмыту мүмкін емес.
«Туындыда негізінен ҰОС кезіндегі, тылдағы және ақкөлдіктердің қазіргі кездегі тыныс-тіршіліктері қамтылған. Алдағы уақытта Ауған соғысына қатысқан ақкөлдіктер жайлы естелік кітап жазу да жоспарда бар», - дейді Раиса Шипилова.