Ақкөлде балалар үйі пайдалануға берілді - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл қаласында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген балалар үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы Сергей Кулагин балалар үйінің ұжымы мен тәрбиеленушілерін қуаныштарымен құттықтады.
«Бүгін баршамыз қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Биылғы оқу жылының алғашқы күні 4 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін боламыз», - деді С.Кулагин.
Сондай-ақ, құттықтау сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Балия Әкімбекова да елімізде білім беру саласында атқарылып жатқан игі істер туралы айтып өтті.
Шара барысында қонақтар балалар үйінің тәрбиленушілері ұсынған «Жаса Қазақстан» флеш-мобын тамашалады. Сондай-ақ, балалар үйінің ішкі бөлмелері мен шағын футбол алаңы, хоккей корты және тренажер алаңын аралап көрді.
Еске сала кетейік, осыған дейін Ақкөл балалар үйі жарты ғасыр бұрын салынған ғимаратты паналап келді. 2015 жылы облыс әкімі Сергей Кулагиннің тапсырмасымен бүгінгі балалар үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Ол үшін бюджеттен 761,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде, 145 орындық нысанда балалардың тұрып, білім алуына және спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Оған қоса интернет клуб бар. Заман талабына сай жабдықталған балалар үйіне Степногор қаласындағы балалар үйінен 40 тәрбиеленуші жеткізілді. Ондағы балалар үй алдағы уақытта балабақша ретінде пайдаланылатын болады.