Ақкөлде екі жолаушының өмірін қиған көлік апаты бойынша сот басталды
АҚКӨЛ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Ақкөл ауданында екі адамның өліміне себеп болған көлік апаты бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған. Астана-Петропавл бағытындағы автожолдың 387-шақырымында «Газель» маркалы эвакуатор жол жиегінде тұрған «MAN» жүк көлігіне соқтығысып, салдарынан эвакуатордың ішіндегі екі жолаушы қайтыс болған еді.
Тергеу жұмыстары жылға жуық уақытқа созылды. Айыптаушы тарап «MAN» жүк көлігі жанармайы біте бастаған кезде жолдың бір бөлігін ала тоқтағанын алға тартып отыр.
Осылайша жүргізуші ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алу шараларын қабылдамаған деп есептейді.
Яғни, өзге көліктердің тізгіншілері жол бойында көлік тұрғанын көретіндей етіп белгі қоймаған немесе көліктің «авариялық жарығын» қоспаған.

Оның үстіне жүргізуші көлігін тастап, өзі Ақкөл қаласына кетіп қалған.
Ал эвакуаторды тізгіндеген жүргізуші жолдың аталған бөлігінде сағатына 90 шақырымдық жылдамдық межесін сақтамаған деп айыпталып отыр. Оқиға орнында тексеру жүргізген кезде көліктің «тежелу ізі» табылмаған.
Осылайша екі жүргізушіге ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.
Бұл бап жүргізушілерге абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалатуы мүмкін.
Сондай-ақ, көлік жүргізу құқығын 7 жылға шектейді.
Бүгінгі отырыста екі айыпталушы да кінәсін мойындаған жоқ. Аталған іс бойынша келесі сот отырысы 12 қарашаға жоспарланған.