Әкім сайлауы: мақтааралдық әжелер мен келіндер сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келіп дауыс берді

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында әжелер мен келіндер сайлау учаскесіне ұлттық киіммен келіп дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform.

Сайлау
Фото: Kazinform

Бүгінгі Мақтаарал ауданы әкімінің сайлауында түрлі қызықты жағдайлар орын алуда. Өргебас ауылындағы Қасым Аманжолов жалпы орта мектебінде орналасқан №401 сайлау учаскесіне топ болып жиналып келген ақ жаулықты ауыл әжелері мен келіндер жаппай дауыс беріп, өздерінің саяси белсенділіктерін көрсетті.

Әжелер алқасының округтегі төрайымы Гүлжан Қамбарбекова қазақ әйелдері ерте заманнан қоғам тіршілігіне етене араласып, мемлекетті басқарғанын атты. Сондықтан, қазіргі жас қыздарға, келіндерге үлгі болуы үшін бүгінгі сайлауға көп болып қатысып, дауыс бергендерін жеткізді. Әжелер мен келіндер арасындағы сабақтастықтын үлгісін көрсеткен олар көпшілікті саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.

Сайлау

Сонымен қатар, бүгін көпбалалы аналар мен 100 жастан асқан 4 мақтааралдық та өз таңдауларын жасайды деп күтілуде.

Ал, Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғыны, ең жас сайлаушы Нұрайым Жұмәділдә №694 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет өз таңдауын жасады.

«Бүгін мен сайлау учаскесіне келіп, ауданның белсенді жас азаматшасы ретінде алғаш рет өз таңдауымды жасадым. Еліміз бен ауданымыздың болашағына жастар бей- жай қарамайды деп білемін. Сондықтанда әрбір замандастарымды саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамын», - деді жас сайлаушы.