Ақмәди Сарбасов қызметінен босатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмәди Сарбасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақмәди Әділұлы Сарбасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметінен босатылды, - делінген хабарламада.
А.Сарбасов 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы бастады. Түрлі жылдары ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымында жұмыс істеді.
2017 жылдан 2019 жылғы сәуір айына дейін — ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы — ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
2019 жылғы сәуір айынан ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болып еңбек етті.
2020 жылы маусымда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.