«Әкімдер мектебі»: сайланған ауыл және аудан басшыларын оқыту басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы басталды.

– Арнайы бағдарлама жергілікті басқару міндеттерін тиімді орындау, ауыл халқының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті негізгі қабілеттерді дамытуға арналған. Бағдарлама онлайн және оффлайн форматында 240 сағаттан тұратын 17 модульден құралған. Оның 100 сағатын AMANAT партиясының Саяси менеджмент академиясы жүргізеді. Бағдарламаны жасақтау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жұмыс істедік. Курс ҚР Стратегиялық және бағдарламалау құжаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қазіргі реформаларды, сондай-ақ бюджеттеу және ресурстарды басқару мәселелерін зерделеуді қамтиды, - деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен жиында.
Оның айтуынша, оқыту 17 ақпан мен 13 мамыр аралығында әр облыстағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдары базасында өтеді. Ал курс соңында қатысушылар өздерінің ауылдық округтерін дамыту бойынша бағдарламаларын ұсынатын болады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырған еді.
Сондай-ақ «Әкімдер мектебі» жобасы 2 400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімдерін қамтитынын жазған едік.