Әкімдіктер автогаз құю станцияларының санын реттейді — Жаңа заң

АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға дейін газ тұтынатын абоненттер қашықтан дерек беретін «ақылды» құрылғыларымен қамтылады. Сондай-ақ әкімдіктер автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеп, ірі газ тұтынатын нысандарға жаңа талаптар енгізіледі. Бұл туралы сенатор Бибігүл Аққожина баяндады.

Әкімдіктер автогаз құю станцияларының санын реттейді — Жаңа заң
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Бүгін Сенат отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заңға сәйкес, әкімдіктер сұйытылған газбен жүретін автокөліктер саны туралы деректер негізінде автогаз құю станцияларының (АГҚС) шекті санын айқындайтын болады.

— Қазіргі уақытта елімізде 3 мыңнан астам АГҚС жұмыс істейді. 2023 жылмен салыстырғанда олардың саны 3 есеге артқан. Бұл ретте, заңды түрде жұмыс істеп тұрған және пайдалануға берілген барлық АГҚС өз қызметін қалыпты режимде жалғастырады, — деді депутат.

Тағы бір маңызды жаңашылдық — тауарлық газ тұтыну көлемінің шекті деңгейі бойынша коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылар ұғымдарын ажырату.

— Қазіргі таңда кейбір коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, мысалы, сауда-ойын-сауық орталықтары газды өнеркәсіптік көлемде, оның ішінде жерасты автотұрақтарын жылыту үшін пайдаланады. Осыған байланысты тұтынушыларды газ есептеу аспаптарының өткізу қабілетіне қарай бөлу қажеттілігі туындады, — деді Б. Аққожина.

Сондай-ақ, заңда тауарлық газды есепке алу аспаптарына деректерді қашықтан беру мүмкіндігін қамтамасыз ету талаптарды жазылған.

— Бүгінде елімізде шамамен 2,8 миллион тұтынушы бар. Қазіргі уақытта олардың тек 3,5% ғана деректерді қашықтан беру функциясы бар есепке алу аспаптарымен қамтылған. Заң аясында 2030 жылға дейін абоненттердің 100% «ақылды» есепке алу аспаптарымен қамту ұсынылады. Халық үшін деректерді қашықтан беру функциясы газ жеткізушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады, — деді сенатор.

Айта кетейік, газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заң жобасы екі оқылымда мақұлданды.