Әкімдіктер деректерді бұрмалауға бейім – Агенттік ресми статистиканың шынайы жағдаймен сәйкеспейтінін айтты

статистика
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында ресми статистиканы қалыптастыру кезінде мүдделер қақтығысы кездесетінін мәлім етті.

«Дегенмен, статистикада мүдделер қақтығысы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Себебі жергілікті атқарушы органдар өздерінің елді мекендері немесе аймағының шынайы статистикасын бұрмалауға, деректерді жоғарылатуға, жасыруға бейім. Сондықтан, мәліметтердің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін бюро қосымша бақылау тетіктерін енгізді.

Мәселен, 2023 жылы респонденттердің бастапқы деректері ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру бойынша ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті деректерімен, егіс алқабы бойынша ғарыштан мониторингтеу және шаруашылық есеп деректерімен сәйкестігі тексерілді. Бақылау қорытындысы бойынша, тиісті органдарға бұзушылықтарды жою туралы қорытындылар жолданды», - деп жазылған жауапта.

Агенттіктегілердің пайымдауынша, бұл қорытындылар ресми статистиканың сапасын арттыруға ықпал етеді. 

«Бюро өз қызметінде статистикалық деректердің ашықтығы мен сенімділігін арттыруға басымдық береді», - деп жазылған ресми мәліметте.

Соңғы жаңалықтар